Апелляция әйелдер маршына қатысқан белсенділердің шешімін өзгертпеді

Феминист топтар ұйымдастырған әйелдер құқығына арналған марш. Алматы, 8 наурыз 2020 жыл.

Алматы қаласының апелляциялық соты 7 сәуірде наурыз айындағы әйелдер маршына қатысқан екі белсендінің апелляциялық шағымын қарап, сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Бұған дейін белсенділер Арина Осиновская және Фариза Оспанға айыппұл салынған болатын.

Сейсенбі күні апелляциялық сот отырысы онлайн режимінде өтті. Белсенді Арина Осиновскаяның Азатыққа айтуынша, байланыс өте нашар болған.

- Байланыс өте нашар болды. Соның кесірінен судья мен прокурордың айтқанын жөнді ести алмадым, менің айтқанымды олар ести алмады. Судья қайта-қайта адвокатымның сөзін бөле берді. Судья мен прокурор бір залда болды, олардың веб камерасы болған жоқ. Сот залындағы камера ғана болды. Сондықтан оларды көре алмадық. Оның үстіне олар маска тағып отырғандай болды, тіпті есімін де ести алмадым. Адвокат Гүлхан Оқапова екеуіміз үйден қосылдық, - деді Арина Осиновская.

Биыл 8 наурыз күні бірнеше феминистік топ акция ұйымдастырып, әйелдердің құқығы мен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін айтқан болатын. Оған шамамен 200 адам қатысқан. Марш кезінде қатысушылар гүл шоғырын өртеген. Сот мұны "бұзақылық" деп бағалап, Арина Осиновскаяға маршқа қатысып, "ұсақ бұзақылық" жасағаны үшін 66 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Ал екінші белсенді Фариза Оспанға "ұсақ бұзақылығы үшін" 13 мың теңге көлемінде айыппұл салған.

Түстен кейін өткен екінші сот та Фариза Оспанға қатысты шыққан сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

- Байланыс нашар болды. Адвокат Гүлхан Оқапова Аринаның процесінде байланыс нашар болып, сөзін судья мен прокурор бөле берген соң сотқа барған еді. Менің де интернет байланысым нашар болды. Бірақ адвокат менің ұстанымымды толық жеткізді, алайда сот шешімі өзгеріссіз қалды, - деді Фариза Оспан.

Екі белсенді төтенше жағдай режимі аяқталған соң Жоғарғы сотқа шағым түсіретінін айтады. Олар бұл жайтқа мейлінше қоғамның назарын аудартуды көздеп отыр.

- Әйелдерді қорғау күні әйелдердің құқығы тапталып жатқанын, жылына 400 әйел тұрмыстық әлімжеттіктен көз жұмып жатқанын, мыңдаған қызды ұрлап, еркінен тыс тұрмысқа шығуға мәжбүрлеп жатқанын айтқанымыз үшін жауапқа тарту - абсурд. Сондықтан біз өзімізді айыптымыз деп санамаймыз, - дейді Арина Осиновская.

Бұған дейін халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінен екі белсендіге тағайындалған жазаның күшін жоюды талап еткен. Ұйым өкілдері белсенділер "бейбіт түрде пікірін айтқаны" үшін қудаланды деп есептейді.

Қазақстан азаматтары қандай да бір бейбіт шеру, митингіге шығатын болса, жергілікті әкімдіктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Билік рұқсат берілмеген митингінің бәрін "заңсыз" деп тауып, қатысушыларын ұстайды және жауапқа тартады.

Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңды қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді.