Ресейде шегерілген Жеңіс күні парады 24 маусымда өтеді

Мәскеудегі әскери парад. 9 мамыр 2019 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин әдетте 9 мамыр өтетін Жеңіс парадын 24 маусымда өткізуді тапсырды. Парадтың өтуі коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегерілген болатын. Тапсырма қорғаныс министрі Сергей Шойгуға берілді.

Екінші дүниежүзілік соғысты аяқталуын атап өтуге арналған өзге екі шара – "Мәңгілік полк" шеруі және дәстүрлі әскери-теңіз парады 26 шілдеде өтпек. Президенттің айтуынша, эпидемия қаупі сейілмесе, шеру тағы бір айға шегерілуі мүмкін.

Жеңіс күніне арналған әскери парад алғаш рет 1945 жылы 24 маусымда Мәскеудегі Қызыл алаңда өтіп, оған маршал Георгий Жуков қатысқан. Әскерге маршал Константин Рокоссовский жетекшілік еткен.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісінде сейсенбі күні Путинмен телефон арқылы сөйлескенін және ресейлік әріптесінің оны Жеңіс парадын тамашалауға шақырғанын жазды. Тоқаев алғыс айтып, шақыруды қабылдаған.

  • "Мәңгілік полк" шеруі мамыр айында коронавирус инфекциясына байланысты өтпей қалды.
  • Биылғы парадқа 15 мың адам және 400 әскери техника қатысуы тиіс болған. Ресей билігі әуелі шараның кейінге шегерілгенін жоққа шығарған. Қорғаныс министрлігі әскери парадты көрерменсіз өткізу мүмкіндігін қарастырған.
  • 9 мамырда Минскіде әскери парад өткен. Беларусь президенті Александр Лукашенко сол кезде "Қорытынды жасауға асықпаңыздар, бізді - Жеңіс мұрагерлерін, беларусьтерді айыптауға асықпаңыздар. Бізде басқа жол болмады" деген еді. Ресейдің мемлекеттік арналары шара туралы ақпарат таратпады.