Тергеу соты белсенді Әсия Төлесованы он күнге изоляторға қамады

Белсенділер Әсия Төлесова (сол жақта) мен Бейбарыс Толымбеков. 2019 жыл

Алматы қаласы тергеу сотының судьясы Марал Жарылғасова «полицейге күш қолданды» деп айыпталған белсенді Әсия Төлесованы 10 күнге изоляторға қамауға алу туралы шешім шығарды.

Сот отырысы онлайн өтті. Процестен белсендінің анасы Жанар Жандосова желіге тікелей эфирге шықты. Төлесова сотқа изолятордан қатысты (билік коронавирусқа байланысты жарияланған карантин жеңілдесе де, соттарды онлайн өткізіп жатыр – ред.)

Судья сот шешіміне үш күн ішінде апелляциялық шағым түсіруге болатынын айтты. Белсендінің адвокаты мен жақындары оны қамауға алмау туралы өтініш айтқанымен, судья ескермеді.

Отырыс өтіп жатқанда Төлесованың жақтастары Алматы тергеу сотының алдына жиналып, қолдау білдірді. Олар "#АсяныБосат #FreeAsya", "Репрессияны тоқтатыңдар", "Әділ сот!" деген плакат ұстап тұрды. Жиналғандар соттан ашық трансляция талап етті.

6 маусымда билікке қарсы митингіде полиция жүзден астам адамды ұстаған. Олардың арасында Төлесова да болған. Кейін оны босатқан. Сол күні блогерлердің бірі Telegram каналына Төлесованың полицияға қол жұмсап, қалпағын ұшырып жіберген видеосын жариялаған. Куәгерлер "Төлесова ұсталғандарға көмектесуге тырысты" дейді.

Ал Төлесованың өзі желіде "Полицияның қоғамға еш қауіп төндірмей өз ойын бейбіт жолмен айтуға келген қарусыз жұртқа жасағанын көргенде эмоциямды жасыра алмадым" деп жазды.

Осы жағдай қоғам назарын аударып, құқық қорғаушылар мен белсенділер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына петиция жариялап, Төлесованы босатуды және бейбіт митинг кезіндегі полицияның адамдарды күштеп ұстауын тексеруді талап етіп жатыр. Петицияға 1800-ден астам адам қол қойған.

Төлесова былтырғы кезектен тыс сайлауға бір жыл толған тұста қамалып отыр. 2019 жылы 9 маусымда кезектен тыс сайлау кезінде де полиция мыңдаған адамды күштеп ұстаған. Ал сайлауда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев өзі таңдаған кандидат Тоқаев жеңімпаз деп жарияланған.

  • Сайлау қарсаңында Әсия Төлесова мен тағы бір белсенді Бейбарыс Толымбеков әділ сайлау талап етіп плакат ілгені үшін 15 тәулікке қамалған. Оларға "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" деген айып тағылған. Толымбеков қамаудан шыққан соң әскерге шақыртылып, жақында оралды.
  • ІІМ 6 маусымдағы наразылықта 53 адам ұсталғанын айтқан. "Жетеуіне айыппұл салынып, біреуіне ескерту берілді" деп мәлімдеді. Бірақ бақылаушылар митинг күні 300-ден аса адам ұсталғанын мәлімдеген.
  • 6 маусымдағы митингіге бір-бірін сынап жүрген тіркелмеген екі оппозициялық топ - шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (Қазақстан соты "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған, ал Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған) мен "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі, оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай шақырған еді.
  • Митингіге келгендер несиеге жаппай амнистия жасауды, саяси тұтқындарды босатуды, жерді шетелдіктерге сатпауды әрі жалға бермеуді талап етті.