Қазақстанда бір күнде 983 адамнан СOVID-19 табылды. Вирус жұқтырғандар 20 мыңнан асты

Медицина қызметкері коронавируске тестілейтін орталықта. Алматы, 14 маусым, 2020 жыл

15 маусым күні Қазақстанда 983 адамнан коронавирус анықталды. Оның ішінде індет белгілері бары – 383, симптомы жоқтары – 600.

Қазақстан билігі 3 маусымнан коронавирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есептеп келеді. Ауру белгілері барын “ауырғандар”, жоғын “тасымалдаушы” деп аталды. Билік соңғысын вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына кіргізбей отыр. Ал коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары биліктің ресми дерегіне сүйеніп, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың санын көрсетерде ауру белгісі жоқ жағдайларды ескермей отыр.

Індет белгілері бар 383 адамның 104-і Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. “Тасымалдаушылар” арасында да ел астанасы көш бастап тұр – 99 адам анықталған.

Өткен тәулікте коронавирустан 200 адам жазылып, 4 адам қайтыс болды.

Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 20684-ке жетті. Емделіп шыққаны – 9388, қайтыс болғаны – 81.

4 маусым күні Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне кірмеген 37 өлім тіркелгенін айтқан. Қайтыс болған адамдарда вирус болған, бірақ өлім себебі басқа деп көрсетілген. Бұл көрсеткіш бойынша жаңа дерек айтылмады.