Тоқаев шетелдіктерге жер сату мәселесіне "оралмауға" уәде етті

"Жер сатылмасын" деген жазу ұстапғ жергілікті әкімдік алдында тұрған адам. Астана (қазір - Нұр-Сүлтан), 21 мамыр 2018 жыл.

Қазақстан президенті Қасым Жомарт Тоқаев 10 шілде күні үкіметтің кеңейтілген отырысында шетелдіктерге жер сату туралы сөз болмауы керек деп мәлімдеді.

2016 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы өзгерістерге халық жаппай наразы болған соң билік бес жылға мораторий жариялаған. Оның мерзімі келесі жылы аяқталады.

"2021 жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторий аяқталады. Осыған байланысты бұл мәселе жөнінде түпкілікті шешім қабылдауымыз керек. Негізгі мәселені айқындап алдық. Жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл мәселеге енді оралмаймыз", - деп мәлімдеген Тоқаевтың сөзін келтіреді Ақорданың баспасөз қызметі Twitter желісінде.

Қазақстанда коронавирус пандемиясы қатты өршіп, аурулар мен өлім-жітімнің көбеюі, дәрі-дәрмек қат болып, ауруханаларда орын жетіспеуі елдің наразылығын күшейтіп, Тоқаев пен оның үкіметіне сынды үдеткен.

Тоқаев 13 шілде – Қазақстанда коронавирус инфекциясынан көз жұмғандарды аза тұту күні деп жариялаған. Бұл күні ел астанасында мерекелік отшашу жасалғанына тура бір апта толады. Қазақстанда Астана күні деп белгіленген 6 шілде елді отыз жылға жуық басқарып, былтыр өз орнына көп жылғы саяси серігі Тоқаевты қойып кеткен бұрынғы президент, бірақ билікке әлі де ықпалын жүргізіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен дөп келеді. Назарбаев биыл 80 жасқа толды. Сол күні Нұр-Сұлтандағы отшашу коронавирустан өлім-жітім көбейіп, қайғы-қасірет шегіп отырған жұрттың ашу-ызасына тиді.

Жыл басынан бері Қазақстан экономикасы 1,8 пайызға төмендеп, пандемия кесірінен қызмет көрсету саласы 5,6 пайызға кеміген. Мұндай мәлімет 10 шілде күні Тоқаев қатысқан үкімет отырысында айтылды деп жазды президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасына.

Карантин мен мұнай бағасының құлдырауы (сәуір айында ең төменгі деңгейге түсті) "бюджет кірісінің күрт кемуіне әкелді", - деді Тоқаев. Оның айтуынша, биылғы республикалық бюджеттің кіріс бөлігі 1,7 триллион теңгеден (төрт миллиард доллардан астам) қағылды. "Бюджет тұрақтылығы Ұлттық қордан аударылған трансферттер есебінен қамтамасыз етіліп отыр" деп мәлімдеген президенттің сөзін келтіреді баспасөз қызметі. Биыл Ұлттық қордан бөлінетін трансферт көлемі 4,7 триллион теңгеге (11 миллиард доллардан астам) дейін көбейтілген.

COVID-19 індетінің асқан қарқынмен өршуіне және пневмониямен ауырғандардың күрт көбеюіне байланысты билік 5 шілдеден бастап екі апта мерзімге карантин енгізген. Қызмет көрсету, бөлшек сауда саласында саласында бірқатар кәсіпорындар жұмысын тоқтатты, адамдардың жүріс-тұрысына шектеу қойылды, қалалар мен аймақтар арасында автобуспен жолаушы тасуға уақытша тыйым салынады.