Еңбек министрі 42 500 теңге кімге берілетінін, кімге берілмейтінін айтты

Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Шілде айындағы коронавирустың тарауын тоқтату үшін жариялаған карантин шектеулеріне байланысты тағайындалатын 42 500 теңге (шамамен 100 доллар) жәрдемақы жалдамалары жұмысшыларға, жеке кәсіпкерлерге, фрилансерлерге және өзін өзі жұмыспен қамтығандарға беріледі. Өзін өзі жұмыспен қамтығандар арасында студенттерге және мемлекеттік бюджеттен көмек алып отырғандарға бір реттік жәрдемақы берілмейді. Бұл туралы Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.

"Біз ертеңнен бастап осы шілде айына 42 500 теңгені төлеу жөнінде өтініштеріңізді қабылдай бастаймыз. Оның тиісті ережесі әділет министрлігінде қаралып жатыр. Бүгін кешке дейін тіркеледі деген үміттеміз" деді министр 16 шілде күні орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Министр бір реттік жәрдемақының карантин шектеулеріне байланысты жұмысы шектеліп, табысынан айырылғандарға берілетінін айтып, үміткерлерді санат бойынша жіктеді. 42 500 теңге жұмыс жасап, жұмыс істеп жүрген және мына карантиннің күшейтілген шектеулеріне байланысты өздерінің табысынан айырылған мына азаматтарға төленеді:

  • Жалдамалы жұмысшылар карантин шектеулеріне байланысты ақысыз демалысқа шықса, олардың атынан өтінішті жұмыс беруші өткізеді.
  • Жеке кәсіпкерлер өтінішті өздері береді. Олардан зейнетақы немесе әлеуметтік жарнасын төлегенін дәлелдеу талап етілмейді. Жеке кәсіпкерлердің жұмысы шектелгенін не шектелмегенін аудандық/қалалық штаб және салық комитеті тексереді.
  • Фрилансерлер өтінішті өз атынан береді. Бұл өтініштер штаб арқылы өтпей, тікелей беріледі. Жалғыз шарт – бұл азаматтар 2020 жылдың алғашқы алты айында кемі бір рет зейнетақы жарнасын аударуы қажет.
  • Ресми тіркелмей жұмыс істеп жүргендер. Бұл жолы оларда бірыңғай жинақ төлемін аудару талап етілмейді. Олардың төтенше жағдай кезіндегі аударымы ескеріледі.

"Кешеден бері "Егер мен жұмыстан шығып қалған болсам не мені шығарып жіберсе [не істеймін]?" деген сұрақтар қойылып жатыр. Ол жағдайда жұмыс беруші сіз үшін өтініш бере алмайды. Бұл жағдайда сіздерден жұмыспен қамту орталығына хабарласуды сұраймыз. Мұның бәрі электронды түрде жасалады" деді Нұрымбетов.

Министрдің сөзінше, жұмыстан шығып қалғандар жұмыс қамту орталығына жүгінгенде, оларға бос орындар ұсынылады. Егер оның ешқайсысы лайық болмай шықса, азамат үш күн ішінде табыссыз қалған адам ретінде тіркеліп, жәрдемақыға өтініш бере алады.

42 500 теңге ресми тіркелмей жұмыс істеп жүргендер арасында мемлекеттік бюджеттен зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек немесе сақтандыру қорынан тиісті төлемдер алып жүрген азаматтарға берілмейді.

42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақы 5 шілдеде екі аптаға енгізіліп, кейіннен 2 тамызға дейін ұзартылған карантин шектеулеріне байланысты табыссыз қалғандарға беріледі. Бұл көмек алғаш рет көктем айларындағы төтенше жағдай кезінде берілген. Ол кезде бұл жәрдемақыны шамамен 4,5 миллион адам алған. Оның ішінде 2,9 миллион адам мемлекет көмегін екі ай қатарынан алды.

Көктемдегі карантин кезінде көптеген адам бұл жәрдемақыға құжат тапсыра алмағанын я табыссыз қалса да, көмектен қағылғанын айтқан.

Қазақстан билігі маусымда елде коронавирус өршіген соң екінші рет карантин жариялауға мәжбүр болды. Ресми статистика бойынша, Қазақстанда 65 188 адамнан вирус табылды. Денсаулық сақтау министрлігі 398 адам осы індеттен қайтыс болды деп мәлімдеді. Бірақ елде вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны ресми статистикадан әлдеқайда көп болуы мүмкін.