Семей полициясы Азаттық тілшісін митинг болады деген жерден ұстап әкетіп, артынан босатты

Митинг қарсаңында полицияның адамдарды қамауы. Ақтөбе, 25 қыркүйек 2020 жыл.

25 қыркүйек күні кешке таман Семей полициясы қарсылық акциясы өтеді деген жерге хабар тарату үшін барған Азаттық тілшісі Хадиша Ақаеваны ұстап әкетіп, полиция бөліміне апарған. Полиция тілшіні жарты сағаттай ұстап, ешқандай айып тақпастан босатты. Ұстап әкету кезінде тілшіден телефонын тартып алған.

Ақаеваның айтуынша, ол телефонымен полицияның блогер Данияр Әділбековты ұстап жатқанын түсіріп тұрған. Осы кезде азаматтық киім киген белгісіз біреу қолынан телефонын тартып алған, артынан жүгіріп келген полиция қызметкерлері тілшіні күштеп автозакқа отырғызған.

"Мені автозакқа сүйрегенде саусағымды жаралады, тырнақтарымды сындарды және шашымды жұлды. Даниярдың да қолын артқа қайырып тастады. Бізді полицияның орталық бөліміне апарды. Біз учаскелік прокурордың келуін талап еттік. Бұл талабымызға олар бізге ешқандай айып тақпайтынын, бірақ біздің түсініктеме жазуымыз керегін айтты" дейді Ақаева. Журналист те, блогер де түсініктеме жазудан бас тартып, босатуды және ұстап әкетудің себебін түсіндіруді талап еткен.

Ақаеваның сөзінше, полиция бастығының орынбасары журналиске "ҚДТ ("Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы) мүшесі емеспін, тек хабар таратуға бардым" деп түсініктеме жазып берген соң ғана босататынын айтқан.

Тілші полицияға қызметтік куәлігін көрсеткен. Сонымен қатар оның үстінде журналист екенін көрсететін арнайы киім болған.

"Ешнәрсеге қол қоймайтынымды айтқанымда қолым мен аяғымнан ұстап алып, екінші этажға сүйреді. Сол жерде мені бір нәрсеге қол қойдыруға мәжбүрлемек еді, бәз біреу қоңырау шалып қалып, мені босатты" деді Ақаева. Журналистің айтуынша, полиция "қателікпен" ұстадық деп мәлімдеген.

Your browser doesn’t support HTML5

Митингідегі ұстау және наразылардың талабы

Полиция блогер Данияр Әділбековті де босатты. Блогердің сөзінше, полиция оған "жағдайдың жай-жапсарын анықтағау үшін" ұстағанын айтқан.

"Басқарма жетекшісінің орынбасары біздің митинг өтеді деген Жеңіс скверінде жүргеніміз үшін ұсталғанымызды айтты. Олардың мәлімдеуінше, біз митинг қатысушыларына ұқсағанбыз. Яғни [біздің үстімізде арнайы] жилеттің болғаны оларды қызықтырмаған" деді Әділбеков.

Билік осыған дейін митингтен хабар тарататын журналистерді акция қатысушыларынан ерекшелену үшін арнайы жилет киюге міндеттеген.

Азаттық Шығыс Қазақстан облысы полициясынан жағдайдың мән-жайын сұрады, бірақ департамент баспасөз хатшысы Айгерім Нұрғазина сауалға жауап бермеді.

Хадиша Ақаева – Азаттықтың Шығыс Қазақстан облысындағы тілшісі. Ол Азаттықпен өткен жылдың күзінен бері істейді.

Елде экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Аблязов 25 қыркүйекте жұртты билікке қарсы митингіге шақырды.

2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған. Осыдан кейін қозғалысты қолдайтын ондаған адам "тыйым салынған ұйым қызметіне араласты" деп айыпталып, жазаланған. Қозғалыс жетекшісі Әблязов сот шешімімен келіспейді. Ол сот шешімінің саяси астары бар деп санайды. Еуропарламент 2019 жылғы Қазақстанға қатысты резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Қазақстанның көптеген қаласында митинг белгіленген уақытқа дейін белсенділерді ұстап әкеткен. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, кейінгі үш күнде жүзден аса адам ұсталып, оларға айыппұл салынған.