Шымкент әкімдігі митинг өткізуге тағы да рұқсат етпеді

Полицияның билік заңсыз санаған митингінің қатысушыларын ұстауы. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл. Көрнекі сурет.

Шымкент әкімдігі жергілікті белсенділердің митинг өткізуіне тағы да рұқсат бермеді. Бұл туралы 24 қазан күні Азаттыққа митинг өткізу туралы өтініш берген белсенділердің бірі Мұрат Аштаев хабарлады.

Белсенділер Мұрат Аштаев пен Ерлан Файзуллаев 20 қазан күні Шымкент қаласы әкімдігіне барып, "Саяси тұтқындарды босату және саяси қудалауды тоқтату" тақырыбында 31 қазан күні митинг өткізуге өтініш берген. Онда митингіге 500 адамның қатысатыны, айтылатын сөздердің плакаттарға жазылатыны, қатысушылар қабылдаған үндеудің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқылатыны айтылған.

Митингінің өтетін орны Абай саябағындағы "Даңқ" мемориалы деп көрсетілген.

Белсенділердің митинг өткізу туралы өтінішіне қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан жауап берген. Әкім орынбасарының жазуынша, қала мәслихатының шешімімен "Даңқ" мемориалындағы митинг өткізуге арналған арнайы орын 200-250 адамға шақталған. Сол себепті қала әкімдігі бұл митингіні өткізуге рұқсат бермеу туралы шешім шығарған.

Белсенді Мұрат Аштаевтың пікірінше, әкімдіктің жауабы "армандапсың ақ тоқты көктемдегі көк шөпті" дегенге саяды.

– Билік Конституцияда жазылған заңды талаптарды орындамай отыр. Қазақстан азаматы ретінде құқұғымыз тапталып жатыр, – дейді белсенді.

Бұл – шымкенттік белсенділердің қазан айында "Саяси тұтқындарды босату және саяси қудалауды тоқтату" тақырыбында митинг өткізу үшін қала әкімдігіне берген екінші өтініші. Олар 14 қазан күні дәл осындай өтінішті әкімдікке өткізіп, 16 қазан күні әкімдіктің рұқсат бермейтіні туралы жауап алған. Ол кезде әкімдік рұқсат бермеуін митинг өтетін орынның көрсетілмеуімен негіздеген.

Дәл осындай жағдай Алматы, Ақтөбе және Орал қалаларында бірнеше рет болды. Жергілікті билік түрлі себеппен белсенділердің митинг және пикет өткізуіне жол бермей келеді.

Қазақстанның бейбіт жиындар туралы заңына сәйкес, азаматтар билікті бейбіт митинг өткізу ниеті туралы алдын ала ескертуі керек. Егер әкімдік рұқсат бермесе, мұндай митинг "заңсыз" саналады, ал оның қатысушылары жауапқа тартылады. Заңға сәйкес, пикет өткізу жергілікті биліктің мақұлдауын қажет етпейді.

Биыл 25 мамырда қабылданған заң бейбіт жиындардың өтуін жеңілдетуі тиіс болатын. Заң қабылданғанда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Бұл құжаттың басты ерекшелігі бұдан былай бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алу қажет емес" деп мәлімдеген. Заңды бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйым мен институт сынға алды. Олар заңның қабылдануымен бейбіт жиындарды өткізу керісінше қиындап кетті, билікке жиындардың өтуін қадағалау бойынша бұрынғыдан көп құзыреті берілді деп мәлімдеді. Қазақстан азаматтарының бейбіт жиын өткізу құқығы конституцияда жазылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ақтөбе әкімдігі пандемияны алға тартып, құқық қорғаушыларға митинг өткізуге рұқсат етпедіБекшин: Митинг өткізуге уақытша тыйым салу жағын қарастырып жатырмызОрал әкімдігі шеру және пикет өткізуге рұқсат бермедіМитинг заңы өзгерсе де, белсенділерді ұстау тоқтамадыАлматыда он шақты адам митингіге шықты. Билік оны заңсыз деп тауып, белсенділерін ұстап әкетті