Нұр-Сұлтанда сайлауды бақыламақ болған қоғамдық қорды мәжбүрлі карантинге жіберді

Көрнекі сурет.

8 қаңтар күні Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр аудандық санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармасы "Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры жұмысын 14 күндік карантинге ауыстыру туралы қаулы шығарды. Бұл туралы Азаттыққа "Еркіндік қанаты" хабарлады.

– 27 желтоқсан күні қызметкерлеріміздің бірі хәлінің нашар екенін айтты. Кейін ол емханаға хабарласып, симптомдарын айтқан, келесі күні ПТР тестін тапсырып, оның нәтижесі оң шыққан. Бірақ 24 желтоқсаннан бері кеңседе болмаған – ол штаттан тыс жұмыс істейді. Соңғы рет сол күні болған. Содан бері кеңсеге келмеді. Қашықтан жұмыс істеуге көшіп, карантинде болды. 30 желтоқсан күні маған қоңырау шалып, науқаспен байланысты болған-болмағанымызды сұрап, тест тапсыруымызды сұрады. Біз келістік... Осыдан кейін бізге ешкім хабарласпады. Кеше кешке бізді 8 қаңтардан бастап карантинге жіберу туралы қаулы жіберді. Кісі 28 күні ауырған, ал бізді 8 қаңтардан бастап карантинге отырғызғысы келеді, – дейді "Еркіндік қанаты" қоры құрылтайшыларының бірі Елена Швецова.

Нұр-Сұлтан қаласы санитарлық-эпидемиялық департаментінің жетекшісі Сархат Бейсенова жұқпалы ауруға қарсы іс-қимыл тәртібіне сай шешім шығарғанын айтады.

– Мейлі ол мектеп болсын, мейлі балабақша болсын, егер ұйымның бірінші басшысынан [вирус] анықталса, біз эпидемияға қарсы шараларды жүргізу жөнінде қаулы береміз. Қаулыда қызметкерлерді 14 күнге қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру қажетін, 14 күн бір-бірінен алшақ ұстау керегін жазамыз... Карантин 12 қаңтар күні аяқталады, – деді Сархат Бейсенова.

Науқас жұмыс орнында соңғы рет қашан болды деген сұраққа бас санитарлық дәрігер әуелі "28 желтоқсан күні болар" деп, кейіннен қызметкерлерден нақтылап барып жауап беретінін айтты. Осыдан кейін ол телефонды көтермеді.

"Еркіндік қанаты" қорының өкілдері 10 қаңтарға белгіленген мәжіліс пен мәслихат сайлауын бақылау ниетінен бас тартпағанын, осы аптада ПТР тестілерінің теріс нәтижелеріне сүйенетінін айтты.

Сайлау комиссиясының мүшелері мен бақылаушылардың ПТР тестін тапсыру қажеті 28 желтоқсан күні жарияланған. Содан бері тәуелсіз бақылаушылар түрлі кедергілерге тап болып жатқанын айтады.