Израиль мен палестиналықтар қақтығысы күшейді. Иерусалимде не болып жатыр?

Израиль Газа секторына әуеден шабуыл жасаған сәт. 10 мамыр 2021 жыл.

10 мамыр түнде Израиль Газа секторына әуеден соққы жасады, ал палестиналықтар Иерусалимге қарата ракета атқылады. Кейінгі бір аптада Иерусалимде жағдай ушығып тұр.

10 МАМЫРДА НЕ БОЛДЫ?

Газадағы палестиналық дәрігерлер 24 адамның қаза тапқанын, жүзден аса адам жараланғанын хабарлады. Мерт болғандардың ішінде тоғыз бала бар.

Израиль әскерилері 10 мамыр түнде Газа секторына әуеден 130 соққы жасағанын, әуе соққысы кезінде қарулы адамдардан бөлек қару-жарақ сақтау орындары, қоймалар, туннельдер нысанаға алынғанын мәлімдеді.

Израиль Газаны басқарып отырған ХАМАС (бұл қозғалысты Израиль, АҚШ, ЕО және басқа да елдер террористік ұйым деп таныған, Ресей террористік ұйым деп санамайды) пен басқа да қарулы топтар 200 ракета атты дейді.

Газадан атқыланған ракеталардың көбін Израильдың қорғаныс дрондары ұстап қалған, бірақ Израильдің Ашкелон қаласында ракета екі ғимаратты қиралып, алты адам жараланған.

Палестиналық пен Израиль полициясы. 10 мамыр 2021 жыл.

Израиль мен палестиналықтар бірнеше күннен бері Иерусалимдегі әл-Ақса мешітінің маңында қақтығысып жатыр. ХАМАС ұйымының ракетамен атқылауына 10 мамырда еврейлердің Иерусалим күнін атап өтуі себеп болды. 1967 жылы 10 мамырда Израиль Иерусалимнің шығысын аннексиялап алған еді.

Еврейлер Иерусалим күнін мерекелеп жатқанда палестиналықтар наразылыққа шығып, Израиль полицейлері наразыларды тарату үшін көзден жас ағызатын газ, құлақ тұндыратын граната қолданды. Палестиналықтар еврейлердің мерекелеуін арандату дейді.

Иерусалим күнін тойлауға шыққан израильдіктер. 10 мамыр 2021 жыл.

Дүйсенбідегі қақтығыс салдарынан Иерусалимде 700-ден аса палестиналық зардап шеккені хабарланды. Палестинадағы Қызыл жарты ай қоғамының мәліметінше, 500 адам ауруханаға түскен. Израиль 21 полицей, жеті түрғын зардап шеккенін мәлімдеді. Олардың арасынан үш полицей ауруханаға жатқызылған.

БҰЛ ЖОЛҒЫ ҚАҚТЫҒЫСҚА НЕ СЕБЕП БОЛДЫ?

Иерусалим жүз жылдан бері еврейлер мен арабтар арасындағы қақтығысқа түрткі болып келеді. Бұл жолғы қақтығыстың басталуына екі себеп түрткі болды.

Израиль полицейлері Рамазан айында палестиналықтарға ауызашардан соң Ескі қаладағы Дамаск қақпасына жиналуға тыйым салып, барьерлер қойды. Палестиналықтар бұл шешімге қарсы шығып, кейін Израиль тыйымды алып тастады.

Палестиналықтар Израиль әскерилерінен қашып барады. 10 мамыр 2021 жыл.

Кейін "Израиль Шығыс Иерусалимде тұратын палестиналық отбасыларды басқа жерге көшіріп, олардың жеріне еврейлерді орналастырмақ" деген хабар тараған. Бұл хабардан соң палестиналықтар қарсылығы күшейді.

БҰҰ Израильді палестиналықтарды эвакуацияламауға шақырды.

ИЕРУСАЛИМДЕГІ ЖАНЖАЛДЫҢ ТҮП-ТӨРКІНІ

Мұсылмандардың үшінші қасиетті орны Әл-Ақса мешіті мен иудаизм үшін ең қасиетті орын Храм тауы орналасқан Шығыс Иерусалимнің статусы Израиль мен палестиналықтардың жанжалдарына себеп болып келеді.

Израиль 1967 жылы Таяу Шығыстағы соғыстан соң Шығыс Иерусалимді басып алып, астанамыз деп жариялаған. Бірақ халықаралық қауымдастық Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындамады. Палестиналықтар Шығыс Иерусалимді өз жеріміз әрі болашақта құрылатын тәуелсіз еліміздің астанасы болады деп санайды.

Әл-Ақса мешітінің маңында көзден жас ағызатын газ шашылған сәт. 10 мамыр 2021 жыл.

Шығыс Иерусалимде туған еврейлерге Израиль азаматтығы берілсе, палестиналықтар тек тұрақты тұруға рұқсат ала алады. Егер палестиналықтар бұл аймақта ұзақ уақыт тұрмаса, тұрақты тұру рұқсатынан айырылады.

Бұған қоса, Израиль Шығыс Иерусалимде еврей елдімекенін салып, оған 220 мың адамды орналастырған. Бұл палестиналық кварталдардағы халықтың ығы-жығы орналасуына себеп болды.

Израильдегі B’Tselem (Б'Целем) адам құқығын қорғау ұйымы мен Нью-Йоркте орналасқан Human Rights Watch ұйымы жақында жариялаған есептерінде Израиль Шығыс Иерусалимде алалау саясатын жүргізіп отыр деп айыптаған. Израиль бұл айыптауларды жоққа шығарып, Иерусалим тұрғындарына теңдей қараймыз деген.

AFP, AP, Haaretz, Reuters агенттіктерінің ақпараты негізінде жазылды.