Министрлік "вакцинадан кейін қайтыс болғандарға" қатысты түсініктеме берді

Жедел жәрдем көлігі.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят елде "вакцинадан кейін қайтыс болған" төрт адам өліміне қатысты түсініктеме берді. Төрт жағдайдың екеуінде адам өлімі мен вакцина арасындағы байланыс дәлелденбеген. Қалған екеуіне қатысты комиссия жұмысы жалғасып жатыр.

Министрлік өкілінің айтуынша, Алматы облысында перзентханада жұмыс істеген медицина қызметкерінің өліміне қатысты комиссия жұмысын аяқтаған. Марқұмның жүрегі ауырған, диспансерлік тіркеуде тұрған, бірақ жиі қаралмаған. Қажетті дәрі-дәрмек қабылдамаған.

"Сот-медициналық сараптамасының нәтижесі мен комиссияның түпкілікті қорытындысына сәйкес, пациенттің мәйітін тексеру кезінде вирусомия белгілері немесе коронавирустың органдарға әсері анықталмады. Созылмалы жүрек патологиясы болған, қайтыс болуына сол себеп болды, осыған орай адам өлімінің вацинаға қатысы дәлелденбеді" деді Ажар Ғинаят 19 мамыр күнгі брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, Алматы қаласы тұрғынының өліміне қатысты сот-медициналық сараптама нәтижесі әзірге дайын болмаған. Министрлік өкілі марқұмның диспансерлік есепте тұрмағанын, дәрігерлерге тұрақты түрде қаралмағанын айтты. Бірақ оның "қан қысымы жоғары болған, жүрегі ауырған".

Қарай отырыңыз: Алматылық тұрғын екпеден соң қайтыс болды деген күдік бар. Тергеу басталды (5 мамыр 2021 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

Алматылық тұрғын екпеден соң қайтыс болды деген күдік бар. Тергеу басталды

Вице-министрдің айтуынша, комиссия Ақтөбе облысында қайтыс болған тұрғынның жүрек соғысының бұзылғанын (аритмия) анықтаған, бұл көп жағдайда жүрек ишемиясына апарады, сол себепті адам өлімінің вакцинаға қатысы жоқ деген қорытынды жасалған.

Ал төртінші азамат вакцинаның екінші компоненті салынғаннан кейін 12 күн өткен соң қайтыс болған. Оның өлімін комиссия әлі зерттеп жатыр.