Белсенді Барлық Меңдіғазиев бауырының екі айға қамалғанын хабарлады

Тергеу изоляторы. Көрнекі сурет.

АҚШ-та тұратын азаматтық белсенді Барлық Меңдіғазиев өзінің бауыры Бекіжан Меңдіғазиевтің екі айға қамалғанын хабарлады. Жексенбі күні кешке Атырау тергеу соты сондай шешім шығарған. Бекіжан Меңдіғазиев "қылмыстық топтың ісіне араласты", "ірі көлемде салық төлеуден жалтарды" және "ірі көлемде ақша жымқырды" деп айыпталып отыр. Барлық Меңдіғазиев билік Қазақстандағы туыстарын қудалау арқылы өзіне солай қысым жасағасы келеді деп санайды.

Адвокат Игорь Вранчаев Бекіжан Меңдіғазиевтің ұсталғанын растады.

Барлық Меңдіғазиевтің сөзіне қарағанда, көрші облысқа бармақ болған бауырын полиция жұма күні Оралда еш түсіндірместен ұстаған.

- Оған не үшін ұстап жатқанын түсіндірмеген, айып та тақпаған, Атырау қаласына алып барған. Тек сол жаққа жеткізгеннен кейін оған қылмыстық топ ісіне араласып, ақша жымқыру күдігіне ілінгенін хабарлаған. Мен мұны маған жасалып отырған қысым деп санаймын: әуелі KSS компаниясы (бұрын Барлық Меңдіғазиевке тиесілі болған фирма) қызметкерлерін соттады, енді бауырыма кірісіп жатыр, оның бұл фирмаға еш қатысы жоқ, оның өз жеке кәсібі бар, – деді Барлық Меңдіғазиев Азаттық тілшісіне телефон арқылы.

Атырау сотының баспасөз қызметі "тергеу жүріп жатыр" деп Бекіжан Меңдіғазиевтің ұсталуына қатысты ақпарат беруден бас тартты. Атырау облысының экономикалық тергеу департаменті "тергеу мүддесіне байланысты Бекіжан Меңдіғазиевке қатысты ақпарат жарияланбайтынын" алға тартты.

Барлық Меңдіғазиев – билікті қатаң сынап жүрген азаматтық белсенді. АҚШ-та тұратын бұрынғы кәсіпкер азаматтық белсенділігі Қазақстандағы жақындары мен туыстарының қудалануына түрткі болды деп санайды. Ол бұрын жетекшілік еткен KSS (Karachaganak Support Service) компаниясының директоры "ірі көлемде салық төлеуден жалтарғаны үшін" бес жылға шартты түрде сотталған. Ол іс бойынша контрагенттік фирманың екі жетекшісі де сотталған. Бұған дейін Барлық Меңдіғазиевтің жақындарының үйінде тінту болғаны хабарланған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ БҚО-да полиция Барлық Меңдіғазиевтің ағасының үйін тінтті