Қазақстан телеарналары олимпиада трансляциясы бойынша құқық иесімен "әлі келісімге келген жоқ"

Олимпиада өтетін Токио қаласы. 19 шілде 2021 жыл.

Қазақстанның мемлекеттік Qazaqstan, Qazsport және Хабар телеарналары 23 шілдеде Токиода басталатын жазғы олимпиада ойындарын көрсетпеуі мүмкін. "Қазақстан" телекорпорациясы, "Хабар" агенттігі олимпиаданы тікелей көрсету құқығын иеленген "Dentsu Inc." компаниясымен әлі орта келісімге келмеген.

Бұл туралы 19 шілде "Қазақстан" телерадиокорпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Телекорпорация келісім 2019 жылы басталғанын, "тараптар әзірге ортақ келісімге келмегенін" мәлімдеді.

"Екіжақты келісімнің ұзаққа созылу себебі, құқық иесінің лицензия бағасын 2016 және 2018 жылғы олимпиада ойындарымен салыстырғанда 123 пайызға қымбат ұсынып отыр" дейді "Қазақстан" телерадиокорпорациясының баспасөз қызметі.

Баспасөз хабарламада "телеарналар ұлттық олимпиада комитеті мен шетелдік ірі ақпарат агенттіктерінен фото-видео алу мүмкіндігі қарастырылғаны" да жазылған.

Қазақстан телеарналары 2018 жылы Джакартада (Индонезия) өткен Азия ойындарын да "трансляция бағасы қымбат" деп тікелей эфирде көрсетпеген. Азия ойындарын эфирден көре алмаған жанкүйерлер телеарналарды, үкіметті сынаған еді.

"Қазақстан" телерадио корпорациясы мен "Хабар" агенттігіне бюджет қаржы бөлініп, мемлекеттен қомақты тапсырыстар алады. Осыған дейінгі олимпиада ойындарын осы екі медиа бөлісіп көрсетіп келген.

Токио олимпиадасы 23 шілде – 8 тамыз арасында өтеді. Бұл жарысқа Қазақстан 97 лицензия алған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Алтыннан үміт аз", "Бекзат - фаворит". Қазақстанның олимпиададағы мүмкіндігі қандай?