Қазақстанның екі балуаны жеңілді. Қытай мен Өзбекстан құрамасындағы қазақтар да финалға шыға алмады

Грек-рим күресінен 60 келіде Мейрамбек Айнақұлов бірінші айналымда Қырғызстан балуаны Жоламан Шаршенбековтен жеңілді. Егер Шаршенбеков финалға шыққанда Айнақұловтың "жұбаныш кездесулер" арқылы қолаға таласуға мүмкіндігі болар еді. Бірақ Шаршенбеков ширек финалда молдовалық Виктор Чобануден жеңілді. Айнақұлов - 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс, 2019 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері.

Әйелдер күресінен 76 келіде Эльвира Сыздықова (көк формада) бірінші кездесуінде қырғызстандық Айпері Медетқызынан жеңілді. Айпері финалға шықса қазақстандық балуан "жұбаныш кездесулері" арқылы қолаға таласар еді, бірақ қырғыз балуаны финалға шыға алмады. Токиодағы белдесуден соң Айнақұлов та, Сыздықова да журналистерге сұхбат беруден бас тартты.

Айпері Медетқызы ширек финалда Лондон олимпиадасының чемпионы, Рио олимпиадасының күміс жүлдегері ресейлік Наталья Воробеваны жеңіп, жартылай финалға шықты.

Эльвира Сыздықова 2016 жылы Рио олимпиадасында алғашқы белдесуінде жеңіліп, кейін "жұбаныш кездесулер" арқылы қола медаль иеленген еді.

Қытай қазағы Уалихан Сайлике (қара формада) 60 келіде белдесіп, алғашқы айналымда германиялық Этьен Кинзингерді жеңген.

Бірақ Уәлихан Сайлике ширек финалда 2017, 2019 жылғы әлем чемпионы жапон Кэнъитиро Фумитадан жеңілді. Фумита финалға шығып, қытайлық қазақ қолаға таласуға мүмкіндік алды.

Өзбекстан құрамасындағы қазақ Елмұрат Тасмұратов (60 кг) алғашқы белдесуінде украиналық Ленур Темировтен жеңіліп қалды. Темиров финалға шықса Тасмұратов қолаға таласар еді. Бірақ украиналық балуан жартылай финалда жеңілді.

Тасмұратов жеңілгеніне өкініп жатыр. Ол 2016 жылы Рио олимпиадасында қола медаль иеленген.