2022 жылы Қазақстанда не өзгереді?

Шетелдік IT-компанияларға салық төлету, жәрдемақымен қоса төлемдердің де артуы, зейнет жасының ұлғаюы, зейнетқорда қалуы тиіс шектік соманың көбеюі... 2022 жылы Қазақстанда басқа қандай өзгерістер болмақ?

ЗЕЙНЕТАҚЫ ДА, ТӨЛЕМДЕР ДЕ ӨСТІ

Биыл ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіш артты. Былтыр президент қол қойған "2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға сәйкес, 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 60 мың теңге немесе 140 доллардай (бұрынғысы 42 500 теңге), ал айлық есептік көрсеткіш 3063 теңге болады (бұрынғысы 2917 теңге).

Оған қоса, 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы мен ең төменгі зейнетақы мөлшері 5%-ға артып, сәйкесінше 19 450 теңге мен 46 302 теңгеге өсті. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің сөзінше, бұл өсім 7 миллионға жуық адамның "табысын арттырады".

ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҒУ ЖАСЫ ҰЛҒАЙДЫ

Биылдан бастап әйелдердің зейнет жасы тағы жарты жылға ұзарып, 60,5 жас болады. "Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңына" сәйкес, әйелдердің зейнет жасы жыл сайын алты айға ұзарып, 2027 жылы ерлердікімен теңесіп, 63 жас болуы тиіс.

Егде тартқан әйелдердің жұмыс табуы, оны атқаруы қиын екенін айтып, үкіметтің бұл шешімін сынап жүрген белсенділер көп. Олардың бірі, астаналық краншы Сәуле Сейдахметова "заңсыз митингіге қатысқаны үшін" жақында сот шешімімен 10 тәулікке қамалып шықты.

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНАН АРТЫҚ АҚШАНЫ АЛУ ҚИЫНДАДЫ

Сәуірден бастап зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын алу қиындайды.1 сәуірде қордағы есепшотта қалуы тиіс шектік сома екі еседей өседі. Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, қазіргі шекпен артық ақшаны ала алатын 580 мың адам бар. Ал жаңа талаптар күшіне енгенде бұлардың саны 150 мыңға қысқарады.

Билік өкілдері зейетқордағы шектік соманың едәуір артатынын тек желтоқсан айында жариялады, бұл азаматтардың және кей депутаттардың наразылығын тудырды. Ведомстволар мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бұл үшін жауапкершілікті бір-біріне сілтеді. Ақыр соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетқордағы шектік соманы ұлғайтуды 1 сәуірге дейін шегеру туралы шешім шығарды.

Your browser doesn’t support HTML5

Тоқаевты мақтаған депутат Сүлеймен пайғамбарды атады

САЛЫҚ ТӨЛЕУ ШАРТТАРЫ ӨЗГЕРДІ

Былтыр желтоқсанда Салық кодексіне бірнеше өзгеріс енгізілді. Олардың кейбірі 1 қаңтардан, кейбірі кешірек күшіне енеді.

  • 1 наурызда "Салық төлеуші төлқұжаты" деген ұғым қолданысқа енеді. Бұл арқылы тиісті мекемелер тамақтандыру, сауда саласында істейтін кәсіпкердің төлеген салығын бақылай алады. Төлқұжат QR код түрінде жасалып, касса аппаратының жанына қойылады.
  • 1 қаңтардан бастап азаматтар төлеген салығын көре алатын жаңа қосымша іске қосылады. Жеке тұлға қосымша арқылы меншігіндегі жері мен мүлкі үшін қанша салық төлегенін және қандай қарыздары барын біле алады.
  • 1 қаңтардан бастап ірі интернет-компанияларға салық салынады. Тізімде Facebook, Amazon, Apple, Google, Netflix cияқты қазақстандықтарға қызмет пен тауарын сататын компаниялар бар. Қосымша құн салығының мөлшері — 12 пайыз. Қазақстанның экономика министрі "бұл өзгеріс ел бюджетіне 2 миллиард теңге әкеледі" деп күтеді. Ірі интернет-компаниялар бұл заңға әлі реакция білдірмеді.
  • 1 наурыздан бастап банктер бір жыл ішінде белгілі бір шотқа мобильді төлемдер арқылы түскен қаражат туралы мәліметті салық органдарына беруге тиіс. Ал кәсіпкерлердің шотына түскен ақша туралы мәліметті ай сайын өткізеді. Алдағы жылдары жеке тұлғалар бойынша да дәл осындай есеп жасамақ. Бұл есеп салық органдарына 2025 жылдан бастап беріледі.

ШЕТЕЛДІК ВАКЦИНА АҚЫЛЫ БОЛАДЫ

Үкімет жоспары бойынша, 2022 жылдың бірінші жартысында 9 миллион адам коронавирусқа қарсы қайта вакцина алуы тиіс. Одан бөлек былтыр күзде денсаулық сақтау министрлігі 2022 жылдан бастап шетелдік екпелер ақылы болатынын ескертті. Тек Қазақстанда жасалған QazVac пен Қарағандыда өндірілетін ресейлік "Спутник V-ді" тегін салдыруға болады. Бұлардан бөлек қазір Қазақстанда Қытайдың Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген Hayat-Vax пен Қытайда өндірілген Vero Cell екпесі, сонымен бірге Қытайдың Sinovac компаниясының CoronaVac екпесі және Америка мен Германия бірігіп жасаған Pfizer/BioNTech вакцинасы бар. Бұл екпелердің бағасы қанша болатыны айтылмады.

ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЖАЗЫЛАДЫ

2021 жылғы 29 желтоқсанда күшіне енген жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік мекемелердің маңдайша жазулары мен бланкілері мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылады. Ал мемлекеттік емес мекемелердің маңдайша жазулары мен бланкілері мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және басқа тілдерде жазылады. Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімдерде өзгеше көрсетілмесе, жол белгілеріндегі жазулар мемлекеттік тілде болады.

ДАУЛАРДЫ СОТҚА ДЕЙІН РЕТТЕУДІҢ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРДІ

Дауларды сотқа дейін және соттан тыс реттеу институттарын дамыту бойынша азаматтық іс жүргізу заңдарына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 1 қаңтардан бастап дауды реттеуге хақылы адамдардың тізімі ұлғайды. Бұдан былай, мәселен алимент төлеу жөніндегі келісімді нотариустан бөлек медиатор, адвокат я заң кеңесшісі рәсімдей алады.

ТАБЫС ДЕКЛАРАЦИЯСЫН ТОЛТЫРУ ФОРМАСЫ ӨЗГЕРДІ

Биылдан бастап азаматтардың табысы мен мүлкі туралы декларациясының формасы енгізілді. Табыстарды жаппай жариялауға көшу кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Соған сәйкес, мемлекеттік қызмет атқаратын жеке тұлғалар 2021 жылдан бері жыл сайын осы форманы толтырып отыруы қажет. Онда азамат жыл ішінде Қазақстанда және шетелде тапқан табысын, төлеген салығын, сатып алған не сыйға, мұраға алған мүлкін, сатқан я сыйға берген мүлкін, өз атына тіркелген мүлкін, шетелдік банктердегі есеп-шотында жатқан ақшасын (оның көлемі 1 мың АЕК асатын болса) көрсетуі тиіс.

ШЕТЕЛДІК САЯХАТШЫЛАРДАН ТУРИСТІК АЛЫМ АЛЫНАДЫ

Биылдан бастап Қазақстанға саяхаттап келген шетелдіктерден туристік алым алу ережесі енгізіледі. Яғни хостел, қонақжай, жалдамалы тұрғынжайды қоспағанда, туристерді қабылдайтын басқа орындарға келген шетелдік әр қонған күні үшін ақша төлеуі тиіс. Операторлар туристік алымды жергілікті бюджетке жібереді. Дегенмен биыл бұл алымның көлемі 0 пайыз болады да, келер жылдан бастап ұлғаяды.

ҮКІМЕТ ҰЛТТЫҚ ҚОРДАН АҚША АЛАДЫ

Биыл шикізат саудасынан түскен қаржы жиналатын ұлттық қордан мемлекеттік бюджетке 2,4 триллион теңге бөлінеді. Бұл қаражат зейнетақы төлеуге, бюджет дефицитінің орнын толтыруға жұмсалады. Соңғы жылдары қаржы дағдарысынан шығу және коронавирус пандемиясымен күресу үшін ұлттық қордан жоспардан көп қаражат алынған. Мамандар ұлттық қордан қаржыны шамадан тыс көп алу экономика үшін қауіпті екенін ескертіп келеді.

Your browser doesn’t support HTML5

Үкімет ұлттық қорға тағы қол салмақ

ҚАЗАҚСТАН ТМД-ҒА ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТЕДІ

Қазақстан 2022 жылы ТМД-ға төрағалық етеді. Осыған орай президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр күзде 2022 жылды "Халық шығармашылығы мен ТМД-ның мәдени мұрасына" арнаған. Бұл тақырып аясында жүзге жуық тарихи-мәдени шара өтпек.

ҚАЗАҚСТАН БИЫЛ БҰҰ-НЫҢ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ КЕҢЕСІНЕ МҮШЕ

47 мемлекеттен құрылған кеңес әлемде адам құқықтары саласында болып жатқан мәселелерді талқылаумен айналысады. Дегенмен, қазақстандық және шетелдік ұйымдар елде адам құқықтары жиі бұзылады деп Нұр-Сұлтанды жиі сынайды. Отандық құқық қорғаушылар Қазақстанның кеңеске мүше болуы "билікке жарнама, халыққа пайдасыз" деп санайды.