Жаңаөзендегі наразылыққа билік жауабы: сұраныс өсірген газ бағасы бұрынғы қалпына қайта келмейді

Моноқала әкімдігі алдына жиналып, газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Жаңаөзен Маңғыстау облысы, 2 қаңтар 2022 ж. Азаттыққа белсенді Алма Қарашаева жолдаған фото.

Жаңаөзен қаласы мен Маңыстау өңіріндегі тағы бірнеше ауылда тұрғындардың сұйытылған газдың қымбаттауына наразылық білдіруіне байланысты облыс әкімдігі мен Қазақстанның энергетика министрлігі түсініктеме берді. Билік өңірдегі көліктердің ауқымды бөлігі отын ретінде пайдаланатын газ нарықта қалыптасқан жағдайға және сұраныстың көбеюіне байланысты қымбаттады деп түсіндірді.

Министрліктің мәлімдеуінше, елде жыл сайын сұйытылған газ тұтыну артып отырады, ал өндіріс көлемін өткен жылдардағыдан өзгермеген. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап сұйытылған газ толықтай тауар биржасы арқылы сатылады, "электрон сауда-саттыққа көшу сұраныс пен ұсынысқа сүйене отырып теңгерімді баға қоюға мүмкіндік береді", ол өндіріс қуатын арттыруға қажет инвестиция тартуға септеседі дейді министрлік.

"Нарық механизмдері бәсекелестікті дамытуға оң әсер етеді. Электрон сауда-саттыққа көшкенге дейін сұйытылған газ өзіндік құнынан арзан бағамен сатылғандықтан өндірушілер шығын шегіп келді" дейді министрлік.

Маңғыстау облыстық әкімдігі өңірдегі газ өндіретін жалғыз кәсіпорын – Қазақ газ өңдеу зауыты ай сайын шығаратын 14,5 мың тонна газ аймақтағы сұранысты толық өтей алмайтынын, сол себепті 3,5 мың тонна газ облыстан тыс жерден жеткізілетінін айтты. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевтың сөзінше, 1973 жылдан бері жұмыс істеп тұрған зауыттың құрал-жабдығының тозуы 90 пайызға жеткен.

"Егер шұғыл шара қабылданбаса, болашақта зауыт тоқтап, тиісінше, сұйытылған газ қат болуы мүмкін. Жаңа зауыт салу жоспары бар, оны іске асыру үшін тиісті шаралар атқарылуы тиіс, солардың бірі – сұйытылған газ нарықтағы сұранысқа сай бағамен сатылуы керек" дейді Қартбаев. Оның сөзінше, Маңғыстау облысында бөлшек саудада бір литр сұйытылған газды орташа есеппен 95-115 теңге теңге аралығында сатылады.

"Бұрынғы 60 теңге деген баға қайтып келмейді, өйткені қазір биржада тасымал және кәсіпкер шығынын есептемегенде газдың литрі 70-85 теңге тұрады. Тұтастай алғанда газ бағасын сұраныс пен ұсынысқа сәйкес етіп нарықтың өзі белгілейді. Әкімдік газ бағасын реттеуге араласпайды, өйткен бұл бәсеке бар ортаға тиесілі тауар" дейді Қартбаев.

Әкімдік газ бағасын реттеуге қатыспайтынын бұған дейін Азаттыққа жексенбіде моноқала орталығына наразылық білдіріп шыққан тұрғындармен кездескен Жаңаөзен қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалым Байжанов та айтқан.

2 қаңтар күні таңертең Жаңаөзен қаласында газдың қымбаттауына наразы жүздеген адам көшеге шығып, жолды жапқан. Олар биліктен бір литр газдың бағасын 50-60 теңгеге дейін түсіруді талап етті. Жаңазендіктердің талабын облыстағы тағы бірнеше елдімекеннің тұрғындары қолдаған.

Маңғыстау тұрғындарының газ бағасын төмендетуді талап етіп жиналғаны бірінші рет емес. 2020 жылғы қаңтарда Жаңаөзенде бір литр газдың бағасы 55 теңгеден 65 теңгеге өскеніне наразы тұрғындар жиналып, биліктен бағаны арзандатуды талап еткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жаңаөзенде газдың қымбаттағанына наразы ел жолды жапты, оларды басқа өңірлерде де жұрт қолдады