Степногорскіде Жаңаөзенді қолдаған белсенді қылмыстық іске тартылды

Белсенді Артем Сочнев.

Ақмола облысы Степногорскіде экобелсенді Артем Сочнев Жаңаөзендегі наразылықты қолдап, жалғыз адамдық пикет өткізгеннен кейін "әлеуметтік алауыздық қоздыру" бабы бойынша қозғалған қылмыстық істе қорғалуға құқығы бар куәгер атанды. Белсендіні полиция тергеуге шақырып жатыр, оған мемлекеттік адвокат та тағайындалған.

4 қаңтарда Степногорскіде орталық алаңда тікелей эфир жүргізген Сочнев сол жерде ұсталған. Тікелей эфир кезінде ол жаңаөзендіктерді қолдап, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын баяндаған. Ол кезде алаңда белсенді мен полиция қызметкерлерінен басқа ешкім болмаған. Алайда полицейлер "жағдайды анықтау үшін" оны бөлімшеге әкетуге тырысқан. Белсенді өз еркімен барудан бас тартқаннан кейін полицейлер оның қолынан қайырып, телефонын тартып алған. Эфир үзілген.

Сочневтің сөзіне қарағанда, оны полицияға тергеуге бірнеше рет шақырған. Одан "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (Қазақстан соты оған тыйым салғанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған) қозғалысына қатысы бар-жоғын сұраған.

— Менен ҚДТ жөнінде не үшін сұрап отыр – түсінбедім. Ол ұйымға еш қатысым жоқ. Мен алаңға жалғыз өзім бардым, ешкімді ештеңеге шақырған жоқпын, ұрандаған жоқпын, плакат ұстаған жоқпын, — деді Сочнев.

33 жастағы Сочнев аймақта экобелсенді ретінде танымал. Ол өзінің блогында Степногорск мен қала төңірегіндегі елді мекендердің экологиялық және әлеуметтік мәселелері жөнінде айтады. Бұған дейін ол жүздеген адаммен бірге қалдық өртейтін зауыттың салынуына қарсы бейбіт акцияға шыққан. Ізінше айыппұл алды.

Қылмыстық кодекстің 174-бабын ("әлеуметтік алауыздыұ тудыру") құқық қорғаушылар жиі сынайды. Олардың ойынша, билік осы бапты саяси белсенділер мен экобелсенділерге қарсы қолданып, елдегі наразы көңіл-күйді басқысы келеді.

Жаңаөзеннен басталып, ізінше Қазақстанның өзге өңірлеріне тараған наразылықтан кейін елдің түрлі қалаларында жүздеген адам қылмыстық іске тартылып, кемінде үш мыңы әкімшілік жауапқа тартылды. Елде наразылық пен тәртіпсіздіктер өршіген шақта төтенше жағдай жарияланып, интернет өшірілді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Өз жерімізде кепілге айналдық". Тұрғындар қауіпті қалдық өртейтін зауыт салуға қарсы