Ресей көрші елге әскери операция бастағаннан кейін БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Мәскеуді Украинаға агрессия жасауын доғаруға шақырды.
"Президент Путин, адамзат үшін әскеріңді алып кет" деді бас хатшы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төтенше кездесуінен кейін.
"Адамзат үшін Еуропада соғыстың басталуына жол берме, ғасыр басталғалы бергі ең ауыр соғыс болайын деп тұр" деді Гутерриш. Қақтығыс "тоқтауы тиіс" деді ол.
Under the present circumstances, I must change my appeal:President Putin, in the name of humanity, bring your troops back to Russia.This conflict must stop now.
— António Guterres (@antonioguterres) February 24, 2022
Бірнеше сағат бұрын Ресей басшысы Владимир Путин ресейлік мемлекеттік телеарналардан мәлімдеме жасап, Донбаста "арнайы операция" бастайтынын хабарлаған. Бұдан соң Украинаның бірқатар қалалары мен облыстарында жарылыс болғаны, оқ атылғаны жайлы ақпарат үдеген. Куәгерлердің айтуынша, Донбастың өзінде ресейшіл сепаратистер тарабынан атқылау күшейген, Украинаның барлық-дерлік аумағында әскери нысандар шабуылға ұшыраған.
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейдің Украинаға қатысты әрекетін айыптады.
"Бұл халықаралық құқықты өрескел бұзу, Еуроатлантикалық қауіпсіздікке төнген қатер. Ресейді тез арада әскери қимылын доғарып, Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығын сақтауға шақырамын" деді Столтенберг.
Украина басшысы Владимир Зеленский халыққа үндеу жасап, үрейленбеуге шақырды. Елде әскери жағдай жарияланды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинадағы соғыс. 24-28 ақпан арасында не болды?