Алматы полициясы Ресей әскери техникасына ұқсас "таңбаланған" көліктер жөнінде ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлады

Полиция. Көрнекі сурет.

Алматы полициясы қалада әйнегіне Z деген таңба қойып алған жеңіл көлік жүр деген ақпаратты тексеріп жатыр. Бұл жөнінде қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов хабарлады.

Дәл осындай таңба Украинаға басып кірген Ресей әскери техникасында кездескен еді.

"Біз аталған фактіні тексере бастадық, автокөлік иесінің әрекеті Қазақстан заңнамасына сәйкес келе ме, жоқ па, оның пайда болу себептерін анықтаймыз" деді қолданушылардың сұрақтарына жауап берген Рустам Әбдірахманов.

24 ақпанға қараған түні Мәскеу Украина территориясына басып кіріп, елді мекендерді зымыранмен атқылай бастаған. Оның алдында Ресей басшысы Владимир Путин Украина шығысындағы "Луганск халық республикасы" және "Донецк халық республикасы" сепаратистік құрылымдардың "тәуелсіздігін" мойындаған.

Батыс елдері Ресейдің әрекетін қатаң айыптап, жаңа санкциялар жариялаған.

Қазір соғыс жалғасып жатыр. Киев пен Мәскеу арасындағы келіссөздің бірінші раунды аяқталды, Украина тарабы жуырда екіншісі болатынын хабарлаған.