Германия билігі ресейлік миллиардер Әлішер Османовтың яхтасына тыйым салды

Әлішер Османов.

Германия билігі Гамбургте ЕО санкциясына ілінген ресейлік миллиардер Әлішер Османовтың 156 метрлік яхтасын тұтқынға алды. Бұл жөнінде яхта кәсібімен айналысатын үш дереккөзге сүйенген Forbes сайты хабарлады.

"Дилбар" яхтасының құны – 600 млн доллар. Ол Гамбургтегі кеме құрастыратын Blohm+Voss зауытында былтырдан бері жөндеуде болған. Forbes дереккөзінің хабарлауынша, мүлікке тыйым салынғаннан кейін яхтаны жөндеушілер сәрсенбі күні жұмысқа шықпаған. Миллиардер өкілі әзірге түсініктеме бермеді.

Османовтың яхтасы 2016 жылы авторлық жоба бойынша құрастырылған. Оны салуға 5 жыл кеткен. Бұл су ығыстыруы жағынан (шамамен 16 мың тонна) әлемдегі ең ірі кеме. Онда бұрын-соңды яхталарда болмаған өте үлкен бассейн, екі тікұшақ қонатын алаң, сауна бар.

Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты өзге ірі ресейлік бизнесмендермен бірге Османов та санкцияға ілінген. Forbes мәліметінше, ресейлік миллиардерлерге 32 мегаяхта тиесілі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Есі дұрыс па?" Путиннің сөзі мен ісінен соң жұртты мазалаған сұрақ