Ресейдің Украинаға басқыншылығы кезінде қолданылған Z және V таңбалары Байқоңырда пайда болды

Байқоңыр айлағындағы алаңдардың бірі.

Украинаға басып кірген кезде Ресей әскері қолданған Z және V таңбалары Ресей Қазақстаннан жалға алған Байқоңыр айлағында пайда болды. "Роскосмос" басшысы Дмитрий Рогозин Twitter'де "Байқоңыр қарулы күштеріміздің әрекетін қолдайды" деп жазып қойған.

Қазақстан үкіметі Рогозиннің жазбасына реакция білдірмеді.

Ресми Нұр-Сұлтан одақтасы әрі экономикалық әріптесі Ресейдің әрекетін айыптамаған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бір аптадан соң Киев пен Мәскеуді келісімге келуге үндеген. Ақорда Тоқаевтың Ресей басшысы Владимир Путинмен, Украина президенті Владимир Зеленскиймен де телефон арқылы сөйлескенін хабарлаған. Әңгіменің жай-жапсары белгісіз.

Нұр-Сұлтан Ресейдің Украинаға шабуылына байланысты пікір айтуда сақтық танытып отырған шақта бірқатар қазақстандықтар соғысқа қарсы акцияларға шығып, украиналықтарға гуманитарлық көмек жинады.

Осыған дейін Қазақстанда бірқатар азаматтар көлігінің терезелеріне Z және V белгілерін жапсырып алған жүргізушілерді жауапқа тартуға шақырған. Бұл таңба елде Ресей басқыншылығын қолдаудың белгісі болып саналады. Алматы полициясы осындай таңба жапсырып алған көліктерді тексеріп жатқанын хабарлаған.

  • Мәскеу Қызылорда облысындағы Байқоңыр айлағын 2050 жылға дейін жалға алған. Осы уақыт аралығында Байқоңыр Ресейдегі федералдық маңызы бар қала санатына ие болады.
  • Келісім-шарт бойынша, Ресей ай сайын Қазақстанға 115 млн доллар төлеуі тиіс. Кейінгі жылдары Байқоңырдан ұшатын зымырындар азайған. Сарапшылардың айтуынша, бұл ғарыш нарығында Мәскеу үлесінің азаюымен және бірінші кезекте америкалық SpaceX компаниясымен бәсекеге түсуімен байланысты. SpaceX өте ауыр Falcon зымырандарын бірнеше рет пайдалану амалын тауып, ұшыру құнын едәуір азайтқан, осылайша Роскосмос секілді бәсекелестерін нарықтан ысырған.