Полиция Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан 12 жасар Сұлтан Қылышбектің сүйегін эксгумация жасады

Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан Сұлтан Қылышбектің қабірі.

5 қаңтарда басынан оқ тиіп қайтыс болған 12 жасар Сұлтан Қылышбектің сүйегін полиция туыстарына айтпай эксгумациялаған. Бұл туралы Азаттыққа 11 наурызда Сұлтанның әкесі Еркін Қылышбек хабарлады.

Еркінге мұны зират маңында жүрген бір кісілер айтқан. Бұл кісілер де қаңтарда қаза болған туыстарының қабірін күзетіп жүрген.

"Екі жұмысшы, үш полиция қызметкері келіп қазып алыпты. Сол жерде жүрген кісілер видео түсірейін дегенде оларда қуып жіберген" дейді Еркін Қылышбек.

Марқұм баланың әкесі ұлының сүйегі әлі қайта көмілмегенін айтады.

Алматы облысы департаментінің айтуынша, эксгумация жасау туралы шешім баланың анасы Гаухарға Кәрімбековаға жіберілген. Бірақ Еркін жұбайы мен балалары демалыс алып, байланыс жоқ жерге кетіп қалғанын айтады.

Сұлтан Қылышбек – Қаңтар оқиғасында қаза болған екі баланың бірі. Ол 5 қаңтарда анасымен бірге дүкенге шығып, Әуезов ауданы полиция басқармасының алдында оққа ұшқан. Сұлтанның сүйегін туыстары 7 қаңтарда, Алматы облысы Жамбыл ауылында жерледі. Алматы полиция департаменті балалардың өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтады. Бірақ күдікті ретінде ешкім ұсталмады. Еркін Қылышбектің сөзінше, қазірге дейін бес тергеуші ауысқан.

Ресми дерек бойынша, қаңтардағы дүрбелеңнен 227 адам қайтыс болды. Билік мұны "сырттан келген террористтер" ұйымдастырды дейді. Бірақ "террористер" дегеніне ешқандай дәлел келтірмеді. Сот бірнеше рет Қазақстанның әр өңірінде марқұмдардың сүйегін қайта қазып алып, сараптама жасауға бұйрық берген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Cүйекті қазып аламыз дегені жығылғанға жұдырық". Эксгумацияға қарсы отбасының сергелдеңі"Айуандықпен өлтірген". Семейде қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған екі азамат полициядан тірі шықпадыҚантөгістен кейінгі бір ай. Жауабы жоқ сұрақтар