Депутат Әбілдаев Қаңтар оқиғасында "сатылып кеткен басшылар" жайлы айта бастағанда микрофон ажырады

Көрнекі сурет

Бүгін, 14 қаңтарда парламент мәжілісінің отырысында депутат Азамат Әбілдаев "Қаңтар оқиғасы" туралы пікірін білдіріп, осы оқиға кезінде "сатылып кеткен басшылар туралы" туралы айта бастағанда микрофон ажырап қалды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың ескертуіне қарағанда, депутат Әбілдаев тиесілі уақыттан 3 минут артық сөйлеген.

Депутат Азамат Әбілдаевтың сөзінше, кейбір құқық қорғау органдары "Қаңтар оқиғасы" болатынын "жақсы білгенге" ұқсайды.

-Қай күні, қай сағатта басталатынын да білген. Әлі күнге дейін тағы бір орынбасарды ұстаған жоқпыз, - деген депутат "сатылып кеткен басшылар" туралы айта бастағанда микрофон өшті.

Депутат құқық қорғау органының ұсталмаған орынбасарының аты-жөнін айтқан жоқ. Бүгін парламент отырысында баяндама жасаған бас прокурор Берік Асылов "мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет жасау және аса ірі мөлшерде пара алу" бойынша 15 қылмыстық іс қозғалғанын, оның ішінде ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасары бар екенін айтқан. ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш бұл тізімде жоқ.

Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев сөзінде "Қаңтар оқиғасы" кезінде президент қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға келген Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскері жөнінде де сұрақ қойды.

- Қазақстанның 250-300 мыңға жететін полициясы мен ішкі әскері, қарулы күштері не істеді? Біз ҰҚШҰ-ның 2 мың әскерін келгенін, яғни Мәскеуде отырған "үлкен ағамыздың" не дейтінін күттік пе? Әлде күш құрылымдарының басшылары қандай бұйрықты орындарын білмей отырды ма? - деді.

Депутат бұл сұрақты кімге қойғанын нақтылаған жоқ. Ол "сөйлеуге де, сұрақ қоюға да дайын емес" екенін, тіпті көзілдірігін де ұмытып кеткенін алдын-ала депутаттар есіне салған еді. Оның сөзінше, "Қаңтар оқиғасы" кезінде билік оқ атуға дер кезінде бұйрық берген.

Бүгін, 14 наурызда Қазақстан парламентінің мәжілісіне құқық қорғау органдарының басшылары келіп, "Қаңтар оқиғасы" жөнінде баяндама жасаған болатын.

Бас прокурор Берік Асылов "Қаңтар оқиғасы" кезінде "полиция қызметкерлері мен ұлттық гвардияның әскери қызметкерлері соңғы сәтке дейін атыс қаруын қолданбай, резеңке оқ, көзден жас ағызатын газ бен газ граната пайдаланды. Бірақ мұны шабуылдаушылар әлсіздік деп қабылдап, оқ атып, өршелене түсті,-деген.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов "Қаңтар оқиғасы" кезінде "19 қызметкер қаза тапқанына" өкінетінін айтқан.

Ресми мәлімет бойынша, "Қаңтар оқиғасында" 230 адам өлген. Алайда, парламенттің бүгінгі отырысында сөйлеген омбусдмен Эьвира Әзімова 238 адам өлгенін хабарлаған.

Билік өлгендердің толық аты-жөні мен тізімін әлі күнге жариялаған жоқ. Өлгендердің 19-ы полицейлер мен әскери қызметкерлер. Олардың аты-жөндері аталып, бірқатары ресми түрде марапатталған.