Алматыда Қаңтар оқиғасынан соң ұсталған бес адамға сот үкімі шықты

Алматы қаласындағы тәртіпсіздік, 5 қаңтар 2022 жыл.

Алматы қаласындағы сот Қаңтар оқиғасында ұсталған бес адамды "Ұрлық жасау" және "Қару ұрлау" баптарымен түрме жазасына кесті. Бұл туралы 25 наурызда қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы сотының мәліметінше, "Ұрлық жасау" бабымен бір адам үш жылға, екі адам екі жылға түрме жазасына кесілді. Ал "Қару ұрлау" бабымен бір адам үш жылға түрмеге қамалса, тағы бір адамның бір жылға бас бостандығы шектелген.

— Айыбын мойындап, ісіне өкінгендерге; шығынды өтегендерге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ал бұрын сотталғандарға, кінәсін мойындамағандарға және шығынды өтемегендерге түрме жазасы кесілді, — деді Алматы қаласы сотының баспасөз хатшысы Абай Жарылқасын.

Қалада "Ұрлық жасау" бабымен 80 адамның екі жылдан бес жылға дейін бас бостандығы шектелген. Екі адам жәбірленуші тараппен келісімге келген соң іс тоқтаған. Сегіз адамға қатысты қылмыстық іс прокуратураға қайта жіберілген.

Қаңтар оқиғасына байланысты 190 адамның үстінен 126 қылмыстық іс түскен. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Жаппай тәртіпсіздік", "Терроризм" бабы бойынша Алматы соттарына ешқандай іс түспеген.

Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 238 адам қаза болған. Билік құрбан болғандардың тізімін жарияламады. Бұдан бөлек, Қаңтар оқиғасынан соң ұсталып, азапталған 8 адам көз жұмды. Жемқорлыққа қарсы агенттік азаптау фактісі бойынша 234 қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеген.

Нұр-Сұлтан қаңтардағы қырғынға "шетелде дайындықтан өткен бандиттер мен террористерді" айыптап, "олар мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деген. Бірақ Қазақстан билігі "террористердің" кім екенін, "мемлекеттің төңкерісті кім жасамақ болғанын" әлі күнге ашып айтпады.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын тексеру үшін халықаралық сарапшыларды кіргізуге шақырған. Нұр-Сұлтан бұл ұсыныстан бас тартты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қаңтардағы "лаңкестер", "мемлекетке опасыздық жасағандар", саяси реформа жайлы кезекті уәдеҮтік, таяқ, электрошокер. Қамау мекемесіндегі азаптау қайтсе тыйылады?Қаңтардағы оқиғаның хронологиясы