Ресейлік олигархтардың суперяхталарын "аулау"

Кремль Украинаға соғыс ашқан соң Батыс елдері ресейлік олигархтарға санкция салып, орыс байларының қымбат яхталарын да құрықтай бастады. Қазір Ресей президенті Путинге жақын олигархтардың бірнеше суперяхтасына шектеу қойылған. Құрықталған яхталардың жалпы құны 1,6 млрд доллардан кем емес. Италия билігі Путинге тиесілі деген яхтаға қатысты тексеріс бастады. Орыс миллиардерлері кейбір яхталарын санкция аймағынан алып шыққан. Ресейлік байлардың аяхталары жайлы не белгілі?

1. ӘЛІШЕР УСМАНОВТЫҢ "ДИЛБАР" ЯХТАСЫ

Bloomberg есебінше, ресейлік миллиардер Әлішер Усмановқа тиесілі "Дилбар" яхтасының құны 594 млн доллар. Қазір бұл яхта Германияның Гамбург қаласындағы портта тұр. Басында яхта тәркіленгені айтылған, бірақ кейін Усмановқа салынған санкция салдарынан Германия бұл яхтаға кедендік құжат бере алмай отырғаны айтылды.

Тау-кен өндірісі, медиа және телекоммуникация саласында активтері бар Усманов Путинмен тығыз қарым-қатынаста. 1 наурызда Усманов салынған санкцияларды «жала» деп атап, «абыройын қорғау үшін заңға жүгінетінін» айтқан.

2. ИГОР СЕЧИНГЕ "ТИЕСІЛІ" AMORE VERO ЯХТАСЫ

Ресейдің мемлекеттік энергетикалық гиганты "Роснефть" компаниясының басшысы Игорь Сечинге тиесілі деп айтылатын Amore Vero (суретте) яхтасы наурыздың басында Марсельде (Франция) ұсталды. Superyacht Fan сайты Amore Vero құны 120 миллион доллар деп бағалады. Сечиннің тағы бір яхтасы наурыздың ортасында Испанияға құрықталды. Crescent бұл яхтаның құнын 500-600 миллион доллар дейді.

3. СЕРГЕЙ ЧЕМЕЗОВКЕ "ТИЕСІЛІ" VALERIE ЯХТАСЫ

85 метрлік Valerie яхтасы Путинге жақын адамдардың бірі Сергей Чемезовке тиесілі екені айтылады. Құны 140 млн долларға бағаланған яхта Барселонада жөнделіп жатқан. Қазір бұғатталды. Чемезов - Ресейдегі мемлекеттік әскери және азаматтық технология шығаратын "Ростех" компаниясының бас директоры. Путин КГБ-да жұмыс істегеннен бері Чемезовпен серіктес.

4. ДМИТРИЙ ПУМПЯНСКИЙДІҢ "AXIOMA" ЯХТАСЫ

Құны 75 млн доллар болатын Axioma (Аксиома) яхтасы ресейлік олигарх Дмитрий Пумпянскийге тиесілі екені айтылады. Бұл яхтаны Гибралтар үкіметі бұғаттады.

Пумпянский - құбырлар шығаратын ТМК компаниясының иесі, бұл компания - Ресейдің энергетика саласындағы алпауы "Газпроммен" серіктес.

5. АЛЕКСЕЙ МОРДАШОВТЫҢ "LADY M" ЯХТАСЫ

Ресейлік олигарх Алексей Мордашовқа тиесілі 65 метрлік Lady M яхтасы наурыздың басында Италияда ұсталған. Bloomberg-тің миллиардерлер индексінде Мордашов Ресейдегі бай адамдардың бірі ретінде көрсетілген. Оның байлығы 21,2 млрд доллар деп бағаланады. Мордашов - Еуропадағы ең ірі туроператор TUI компаниясының акционері және "Россия" банкінде қаржылық мүдделері бар. Еуропа билігі "Россия" банкі ресейлік шенеуніктердің "жеке банкі" деп санайды.

Мордашев ресейлік ТАСС агенттігіне "геосаяси жайдайдың ушығуына менің қатысым жоқ, Еуропа одағы не үшін маған санкция салғанын түсінбеймін" деген.

6. АЛЕКСЕЙ МОРДАШОВҚА ТИЕСІЛІ "NORD" ЯХТАСЫ

2021 жылы 500 млн долларға сатып алынған Nord яхтасы да Алексей Мордашовқа тиесілі деп айтылады. Бұл яхтаны құрықтап үлгермеген. Nord 12 наурызда Сейшель аралдарынан шығып, Ресейдің Қиыр Шығысына аттанған.

7. "PHI" ЯХТАСЫ

Құны 50 млн доллар болатын Phi яхтасы Лондондағы портта бұғатта тұр. Бұл - Британияда санкцияға ілінген алғашқы яхта.

Financial Times бұл яхта "Мотив Телеком" компаниясының негізін қалаушы Виталий Кочетковқа тиесілі дейді. Бірақ Кочетковқа санкция салынбаған, ал Ұлыбритания билігі бұл яхтаны басқа біреу иеленуі мүмкін деп санайды.

8. РОМАН АБРАМОВИЧТІҢ ЯХТАСЫ

Миллиардер Роман Абрамовичтің Eclipse арестен сытылып, Түркияның Мармарис қаласындағы портқа жетіп үлгерген. Әлемдегі ең ұзын жеке яхта (162 м) құны 500 млн долларға бағаланады.

Абрамович - Путинге жақын олигархтардың бірі.

9. ГЕННАДИЙ ТИМЧЕНКОНЫҢ "ЛЕНАСЫ"

Италия билігі ресейлік миллиардер Геннадий Тимченкоға тиесілі делінетін 40 метрлік "Лена" яхтасын құрықтады. Италия үкіметі бұл яхтаның құнын 55 млн долларға бағалайды.

Байлығы 12,9 млр долларға бағаланатын Тимченко - Путинге жақын олигархтардың бірі. Оның энергетика, транспорт және құрылыспен айналысатын Volga Group инвестициялық қоры санкцияға ілінген.

10. ПУТИНГЕ "ТИЕСІЛІ" ДЕЛІНЕТІН "ШАХЕРЕЗАДА" ЯХТАСЫ

Ресейлік оппозиционер Навальныйдың зерттеу командасы 140 метрлік "Шахерезада" яхтасы Путинге тиесілі дейді. Бұл яхтаның құны шамамен 700 млн долларға бағаланады. Навальный командасының зерттеуінде яхтада жұмыс істейтіндердің көбі Ресей федеральды күзет қызметкерлері екені айтылады. Бұл күзет қызметі Путиннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қазір бұл яхта Италияда тұр, осы елдің билігі "Шахерезадаға" қатысты тексеріс бастағанын хабарлады.

11. АНДРЕЙ МЕЛЬНИЧЕНКОНЫҢ SY A ПАРУС ЯХТАСЫ

Бұл - ресейлік олигарх Андрей Мельниченконың SY A парус яхтасы. Құны шамамен 600 млн доллар болатын бұл яхтаны Италия билігі 11 наурызда бұғаттады.

Еуропа кеңесі Мельниченко "Қырымды аннексиялауға және Украинадағы жағдайды ұшықтырған Ресей үкіметінің экономикалық секторына қатысы бар" дейді. Мельниченконың өкілі санкцияға қарсы шағым түсіретінін мәлімдеді.