Amnesty International Жанболат Мамайды босатуға үндеп, оны қолдау кампаниясын бастады

Белсенді Жанболат Мамай (ортада) митингіде сөйлеп тұр. Алматы, мамыр айы 2021 жыл.

Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы белсенді Жанболат Мамай саяси себеппен қудаланып отыр деп санайды. Штаб-пәтері Лондонда орналасқан ұйым Қазақстан билігін тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының жетекшісі Мамайды дереу қамаудан босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға үндеді.

Amnesty International 1 сәуірде Мамайды қолдау кампаниясын бастап, жұртты белсендінің қамалуына байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдауға үндеді.

Ұйым Тоқаевқа мәлімдеме жасаған кезде қолдануға болатын хат үлгісін де жариялады. Онда Мамайды қамау туралы 14 наурызда шыққан сот шешімімен келіспеу және белсендінің саяси себеппен қудаланып жатқаны жайлы мәтін бар. "Жанболат Мамайды негізсіз қудалауды доғарып, дереу босату үшін қажетті шара қолдануыңызды сұраймын" деп жазылған хат үлгісінде.

33 жастағы Жанболат Мамай 14 наурызда Алматыда өзіне қозғалған екі қылмыстық іске қатысты қамауға алынған болатын. Оның жақтастары тағылған айыптың саяси астары барын айтады.

Белсенді 25 ақпаннан бері қамауда отыр: бастапқыда ол Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысқаны үшін “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деген айыппен 15 күнге қамалды, кейін “билік өкілін қорлау” және “жалған ақпарат тарату” баптары бойынша күдікті ретінде тергеу изоляторына қамалды.

Алғашқы іс былтыр қыркүйекте болған рұқсат етілмеген митингімен байланысты. Ол кезде Мамай "адамдарды ұрып-соққан полицейлерге" қарата "қарабет" сөзін қолданған, кейін полицейлер белсендінің үстінен шағымданып, іс қозғалған. Екінші істің қозғалуына қаржы нарығын реттеу агенттігінің Мамай үстінен шағымдануы себеп болған. Агенттік белсендіні қарызы бар адамдардың мәселесі бойынша "жалған ақпарат таратты" деп кінәласа, белсенді қарыз мәселесін аталған "агенттік шешуі тиіс" деп айтқаным үшін шағымданып отыр дейді.

Өткен аптада Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы да Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатып, тағылған айыптарды алып тастауға шақырған. Оның алдында АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі де жағдайға алаңдаушылық білдірген.

Мамай авторитар үкіметті қатаң сынаумен танылған. Ол Қазақстанның демократиялық партиясын құрып, тіркеуге тырысқан. Бірақ биліктің кедергі келтіргенін алға тартқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматы соты Жанболат Мамайдың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады