Алматы соты ақылы көлік тұрақтарын басқаратын компания директорын екі айға қамады

Алматыдағы ақылы автотұрақта кетіп бара жатқан адам. Көрнекі сурет.

Алматы тергеу соты "Алматы спецтехпаркинг сервис" компаниясы директоры Марат Пірінбековті екі айға қамауға қаулы етті. Бұл туралы Азаттыққа 18 сәуірде қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

"Алматы спецтехпаркинг сервис" – Алматыдағы жол бойында тұрған ақылы тұрақтардың операторы. Ол сондай-ақ қалалық айып тұрақтарына да қызмет етеді.

14 сәуірде Алматы тергеу соты "Алматы спецтехпаркинг сервиске" қарайтын AlanParking компаниясының жетекшісі Мұхтар Базарбаевты тергеу жүретін мерзімге қамауға алды. Бірақ сот оның қай іс бойынша күдікті екенін нақтыламады. Қаржы мониторинг агенттігі Базарбаевтың бюджет қаражатын жымқырған деген күдікке ілінгенін хабарлады. AlanParking компаниясы Алматыдағы ақылы тұрақ алаңдарын басқарады.

2021 жылғы желтоқсанда Orda.kz басылымы AlanParking компаниясының екі құрылтайшысы барын хабарлаған. Олар: "Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (жарғы капиталындағы үлесі – 30 пайыз) бен "RR2" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (үлесі – 70 пайыз). AlanParking жарғысында "RR2" ЖШС бас директоры ретінде Мұрат Боранбаевтың аты-жөні аталған. Жергілікті басылымдардың жазуынша, ол – Қазақстандағы ірі кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың бауыры. Биыл наурызда Боранбаевтың компаниясы Alanparking компаниясындағы мемлекеттің 30 пайыздық үлесін сатып алып, компанияны толық бақылауға алғаны мәлім болған еді.

Наурызда Қаржы мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевтың екі айға тұтқындалып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлаған. Боранбаевтың қызы Әлима – 2013 жылы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан Назарбаевқа (2020 жылы қайтыс болған) тұрмысқа шыққан. Агенттіктің мәліметінше, Боранбаев "квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаражат жымқыруға байланысты күдікке ілінген".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қайрат Сатыбалдының компаниясы "Қазақтелекомның" 28,8 пайыз акциясын мемлекетке қайтарды

Қаңтардағы қырғыннан соң экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары мен жақындары лауазымды қызметтерден кете бастады. Наурыздың ортасында бұрынғы президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды екі айға қамалды. Ол "Қазақтелеком" акционерлік қоғамында қызметін асыра пайдаланып, ірі көлемде қаражат жымқырған болуы мүмкін" деп күдікке ілініп отыр. Коррупциямен күрес қызметі Сатыбалдының мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіру бойынша да тергеліп жатқанын хабарлаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Мәдениет орталығы биліктен Боранбаев ісін "объективті тергеуді" сұрадыЖемқорлықпен күрес агентігі: Қайрат Сатыбалдыұлының компаниялары миллиардтарды жымқырған Қайрат Сатыбалдыұлының әйелі де ұсталып, екі айға қамауға алынды"Кланның әлсіреуі". Назарбаев туысының ұсталуы нені білдіреді?Президент жиенінің қайын атасы