Қазақстанда референдум өткізуге бюджеттен 16,4 млрд теңге бөлінеді

Көрнекі сурет.

Қазақстанда Конституцияға өзгеріс енгізуге арналған республикалық референдум өткізуге 16,4 млрд теңге бөлінеді. Бұл жөнінде 12 мамырда премьер-министрдің орынбасары, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев хабарлады.

"Референдум өткізуге республикалық бюджеттен 16 млрд 460 млн теңге бөлінеді. Орталық сайлау комиссия арнайы есеп-қисабын таныстырған. Бүгін үкімет арнайы қаулы қабылдады. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді" деді Жамаубаев.

Шенеунік референдум қаржысының жай-жапсарына тоқталмады.

Конституцияға өзгеріс енгізуге арналған республикалық референдум 5 маусымға белгіленген. Азаматтар 33 бапқа ұсынылған түзетулер бойынша дауыс береді. Бұл өзгертулерде 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру; президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу; парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері қамтылған.

Ақорда "мемлекеттік құрылымның жаңа моделіне өтеміз", президент құзыретін азайтып, парламентті күшейтеміз деп уәде берген. Бірақ сыншылар көп өзгеріс бола қоймайды, билік "суперпрезидент жүйесінен" бас тартпайды дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Конституцияны сылап-сипап, Тоқаевтың беделін жақсарту"

Қазақстанның қазіргі Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған. Тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы негізгі заңның күші жойылып, жаңа конституция қабылданған соң президент билігі ерекше нығайып, күшті президенттік басқару жүйесі қалыптасты. Сарапшылардың көбі сол Конституция қабылданған соң Қазақстанда авторитарлық билік қалыптасты деп санайды. Одан бері де Конституцияға өзгерістер енгізіліп, көбіне президент билігін нығайтатын баптар қосылып отырды.