Нұр-Сұлтан тұрғыны Назарбаев пен Тоқаевты жауапқа тартуды талап етіп, пикетке шықты

Пикетте тұрған Кәмила Бақжанова. Нұр-Сұлтан қаласы, 7 маусым 2022 жыл

Қаңтар оқиғасында бауыры Нұрболат Алпамыстан айырылған Кәмила Бақжанова Қазақстанның бұрынғы және қазіргі президенттерін жауапқа тартуды талап етіп, 7 маусымда Нұр-Сұлтандағы АҚШ елшілігі алдына пикетке шықты.

"Назарбаев сотталсын!" деген қазақша-ағылшынша жазуы бар плакат ұстаған Кәмила Бақжанова АҚШ елшілігі маңында жарты сағаттай тұрды. Бірнеше полицейдің полиция департаментіне барып арыз жазу туралы ұсынысына келіспеді.

- Бес ай өтті. Бауырымды Қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте маңдайынан атып өлтірді. Кеше түк болмағандай референдум өткізді. Жалғыз талабым – Нұрсұлтан Назарбаев та, Тоқаев та сотталсын! Тоқаев ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Маған бауырым үшін өтемақы ұсынбай-ақ қойсын. Ақша бауырымды қайтара алмайды,- деді ол.

Кәмила Бақжанова АҚШ елшілігіне бауырының визаға құжат өткізгенін растайтын анықтама сұрап, арыз тапсырды.

- Оның бүлікші еместігін дәлелдеймін. АҚШ елшілігінен анықтама аламын, бауырым АҚШ-қа оқуға кетемін деп жүрген,- дейді Кәмила Бақжанова.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шымкент прокуратурасы Қаңтар оқиғасына байланысты қамалған белсенділердің қорғаушысын іске куә ретінде шақырды

19 жастағы Нұрболат Алпамыс Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан политехника колледжін бітірген. Арнайы бағдарламамен оқу әрі жұмыс істеу мақсатына АҚШ-қа кету үшін ағылшын тілінен емтихан тапсыруға дайындалып жүрген.

Биыл Қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте оққа ұшқан Нұрболат Алпамысты Шымкент қалалық прокуратурасы қылмыстық іске "күдікті" ретінде қосқанын 7 маусымда әкесі Мұрат Әбдірайымов Азаттыққа хабарлаған.

Оның сөзінше, қала прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасы Нұрболат Алпамысты "жаппай тәртіпсіздік" бойынша ашылған қылмыстық іске "күдікті" ретінде қосқан. Мұрат Әбдірайымов ұлын "күдікті" емес, "бейбіт адам" деп тануды талап етеді.

- Баламның қолында ешқандай қару болған жоқ. Ешкімге оқ атпады, ешнәрсені сындырмады. Егер бүлдірсе фото-видеомен дәлелдесін,- дейді ол.

5 қаңтар күні түнде Шымкент қалалық әкімдігі алдында өткен наразылыққа барған Нұрболат Алпамыстың маңдайына оқ тиген. Бірер сағаттан соң аурухананың жансақтау бөлімінде ес жимай көз жұмған.

Бұған дейін, 14 мамырда Шымкенттегі дүрбелеңде оққа ұшқан Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны, 18 жастағы Ерлан Аязды да Шымкент прокуратурасы "күдікті" деп танығаны хабарланған еді.

Биыл Қаңтар оқиғасында Шымкенттегі бейбіт наразылықтың соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, 20 адам өлген, 120-дан аса адам жараланған. 86 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотта қарала бастаған.

Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 230 адам қаза болған. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны ресми хабарланған. Билік қаза болғандардың аты-жөні мен қандай жағдайда қаза болғаны жайлы ақпарат жариялаған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтардағы шеруде "Шал, кет! Жаңаөзенді қолдайық!" деп ұрандаған белсендіні сот үш жылға түрмеге қамады