"Саяси тұтқын" Елшібаевтың соты: Түрме әкімшілігі белсендіні "тәртіпке бағынбады" деп айыптайды. Елшібаев келіспейді

Жаңаөзен белсендісі, "саяси тұтқын" Ержан Елшібаев сотта. Қызылорда, 4 тамыз 2022 жыл.

Қызылордада белсенді, "саяси тұтқын" Ержан Елшібаевтың соты өтіп жатыр. Түрме әкімшілігі белсендіні "мекеменің тәртібіне бағынбай, басшылыққа қарсы шығуға өзгелерді үгіттеді" деп айыптайды. Ал белсенді айыппен келіспейді. Егер сот түрме әкімшілігінің арызын қанағаттандырса, бес жылға сотталған белсендінің жазасы көбеюі мүмкін деген қауіп айтылды.

4 тамызда Қызылорда сотында бұл іс бойынша екінші сот процесі өтті. Оған ЗК-169/5 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан «саяси тұтқын» Ержан Елшібаев пен тағы бір сотталушы Құттымұрат Есқараев қарауылмен жеткізілді. Түрме әкімшілігі екі сотталушының үстінен "Түзеу мекемесінің заңды талаптарына бағынбау" (428-баg 3 бөлігі) бабы бойынша сотқа шағым түсірген. Істі судья Әліби Зейнолла қарап жатыр.

Бейсенбі күнгі сотқа куәгер ретінде қатысқан түзеу мекемесінің екі қызметкері «сотталушылар мекеменің тәртібіне бағынбай, басшылыққа қарсы шығуға өзге де сотталушыларды үгіттеді. Өздеріне дене жарақаттарын салып, әлеуметтік желілерге жариялаймын деп қорқытты» деді. Ал Ержан Елшібаев түзеу мекемесінің таққан айыптарымен келіспейтінін айтып, маған жала жауып отыр деп түрме басшылығын айыптады. Адвокаты Жанар Сүндетқалиева сот кезінде түрме әкімшілігінің Елшібаевты жалаң айыптап отырғанын атап өтті. Ол "маған тергеу тарабы сотқа дейінгі тергеу әрекеттерінің аяқталғаны жөнінде хабарламады" деді.

– Аталған қылмыстық іс тек қана айыптау тарабының куәләрі көрсетуімен ғана қозғалып отыр. Мекеме ішіндегі бейнекамералар жұмыс істемейді деп видео айғақтарды іске қоспаған. Қызметкерлердің бейне-жетондарындағы жазбаларында дәлелдемелер бар дейді. Бірақ әлі оны бізге танысуға берген жоқ. Өзімнің қылмыстық іспен танысып, жасаған сараптамам бойынша процессуалдық құқық бұзушылықтар орын алған, - дейді адвокат Жанар Сүндетқалиева.

Сот залында Ержан Елшібаевтың қолы кісендеулі болды. Қызылорда, 4 тамыз 2022 жыл.

Сот отырысының басталуына күтіп отырған кезде Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Ержан Елшібаев «маған түрме әкімшілігі психологиялық қысым жасап жатыр» деді.

Келесі сот отырысының күні әлі белгіленбеді. Судья "мерзімі қосымша хабарланады" деді.

Маңғыстаулық 34 жастағы Ержан Елшібаев 2019 жылы Жаңаөзендегі аз қамтылған отбасылар мен жұмыссыздар проблемасын көтеріп, белсенділігімен көзге түскен. Құқық қорғау органдары Ержан Елшібаевты "біреудің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді" (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлімі) деп айыптап, 2019 жылғы қарашада Жаңаөзен қаласы соты бес жылға бостандығынан айырған. Оның жазасы сегіз айдан кейін аяқталуы тиіс. Алайда құқық қорғаушылар сот түрме әкімшілігінің өтінішін орындаса, оның жаза мерзімі көбеюі мүмкін деген қауіп айтады.

Құқық қорғаушылар Ержан Елшібаевты "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Саяси тұтқын" Ержан Елшібаев ауруханаға түстіӨміріне қауіп төніп тұрғанын хабарлаған "саяси тұтқын" Ержан Елшібаев ауруханаға түстіСот Ержан Елшібаевтың мерзімінен бұрын босату арызын тағы қанағаттандырмады