ШҚО соты белсенді Айдар Байсағатовтың апелляция шағымын кері қайтарып, түрмеде қалдырды

Белсенді Айдар Байсағатов (ортада) сот залында. Өскемен, 6 маусым 2022 жыл.

Шығыс Қазақстан облысының соты азаматтық белсенді Айдар Байсағатовтың апелляциялық өтінішін орындамай, түрмеде қалдырды. Бұл жөнінде адвокаты мен бақылаушылар хабарлады. Белсендінің қоғамдық қорғаушысы, қарындасы Жанар Байсағатованың айтуынша, сот 18 тамызда таңертең өткен.

Айдар Байсағатов шағымында бірінші инстанцияда шыққан сот үкімінің күшін жойып, өзін толық ақтауды сұраған. Қазір оған тағайындалған жаза мерзімі де бұлыңғыр. Маусымның соңында бірінші инстанциядағы сот үкім оқыған кезде белсендіні бір жыл төрт айға соттаған. Бірақ қорғау тарабының айтуынша, сот қаулысында бір жыл алты ай деп жазылған.

Белсендінің адвокаты Дәурен Толымханов бейсенбі күні апелляция сотының шешімін қолына алғаннан кейін түсініктеме беретінін айтты. Айтуынша, үкімді оқыған кезде сотқа онлайн қатысқан адвокатты "қоспаған". Сотты бақылаған құқық қорғаушылар өтінішті қараған судья үкімнің тек қорытынды бөлігін ғана оқығанын айтты.

Сот қаулысы жарияланған сәттен бастап күшіне енген. Байсағатовтың қорғаушысы кассациялық шағыммен Жоғарғы сотқа жүгінетінін айтты.

Бейсенбі күні сотта сонымен бірге істе жәбірленуші танылған прокурор мен полиция қызметкерлерінің шағымы қаралды. Бақылаушылардың айтуынша, прокурор белсендіге тағайындалған жазаны тым жұмсақ санайтынын, түрме жазасын үш жылға дейін ұлғайтуды сұраған. Жәбірленуші ретінде танылған прокурордың пікірінше, Байсағатов "заңға қайшы әрекет етіп, кінәсін мойындамаған, кешірім де сұрамаған, істегеніне өкінбеген, қорытынды жасамаған".

Шығыс Қазақстан облысы сотының баспасөз қызметінен Азаттық жауап ала алмады.

Мамандығы заңгер 45 жастағы Айдар Байсағатов 3 қаңтарда таңертең Өскеменде ұсталған. Ол алаңға барып, Жаңаөзендегі бейбіт наразыларды қолдағысы келген. 24 маусымда Өскемен қаласының № 2 соты "билік өкіліне күш қолданды" деп айыпталған Айдар Байсағатовты кінәлі деп таныған. Белсенді сотта өзінің айыпталушы емес, жәбірленуші болуы керек екенін айтқан.

  • Өскеменде наразылық 5 қаңтарда өткен. Сол күні облыс әкімдігінің алдына шамамен үш мың адам жиналып, жаңаөзендіктерге қолдау білдірген. Кешкі сағат жеті шамасында наразылар билік өкілдерімен қақтығысып, демонстранттарды тарату үшін күштік құрылым өкілдері құлақ тұндыратын граната, қару қолданған. Үш адам қаза болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Полицейлер ұрған соң қарсылық көрсеттім". Қаңтарда ұсталған белсенді түрме жазасына кесілді