Қостанай облысында орман өртіне байланысты пойыздар тоқтады

Теміржол вокзалы перронында тұрған пойыз бен жолаушы. Қостанай облысы, 2020 жыл.

Қостанай облысында орман өртіне байланысты пойыздар тоқтады. Өрт Аманқарағай және Қазанбасы станциялары аралығындағы Тобыл-Құсмұрын аумағына таяды, деп хабарлады жексенбі күні "Қазақстан темір жолы" компаниясының ресми сайты.

"Жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгендіктен жағдай қалпына келгенше аталған аумақ бойынша пойыздар тоқтатылды" деп жазылған ҚТЖ сайтында.

Ақпаратқа қарағанда, қауіпті аймаққа жақын жердегі төрт пойыздың екеуі Көкшетауға (№82,№44), екеуі (№51,№37) Құсмұрын станциясына жіберілген. Шұғыл штаб құрылған.

Бұған дейін Қостанай облысы Әулиекөл ауданында орманнан шыққан өрт ауылдарға жетіп, Аманқарағай ауылы мен Озерный кентін өрт шарпығаны хабарланған еді. Аманқарағай ауылында кемінде 60 үй өртеніп, адамдар эвакуацияланған. Сенбі күні сағат түнгі 11-дегі жағдай бойынша, өрт 9,4 мың гектар жерді шарпыған. Төтенше жағдай министрлігі өрт сөндіруге 36 градус ыстық пен жел кері әсерін тигізіп жатқанын айтқан.