Күйген дала, өртенген ауыл, бас сауғалаған жұрт. Қостанай облысындағы өрт. Қазірге дейін не белгілі?

Өртенген үйінің жанында тұрған тұрғын. Аманқарағай ауылы Қостанай облысы. 5 қыркүйек 2022 жыл.

Қостанай облысында 2 қыркүйекте басталған орман өрті кейін басқа жерлерге жайылып, жалын 43 мың гектар аумақты шарпыды. Бірнеше ауылдан 1800-дей адам эвакуацияланды, Аманқарағай ауылында бір адам қаза тапты. Қазір өрт сөндіру әлі жалғасып жатыр. Облыста төтенше жағдай жарияланды. Азаттық тілшілері Қостанай облысына барып, өрттен зардап шеккен тұрғындармен тілдесіп, ауылдардың қазіргі жағдайын көрді.

"ОРМАНҒА ЖАҚЫН ҮЙЛЕРДІҢ БӘРІ ЖАНЫП КЕТТІ"

Қостанай облысындағы өрттен Аманқарағай ауылы қатты зардап шеккен. Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, бұл ауылда 85 үй өртеніп, мың адам эвакуацияланған. Қостанай облысына арнайы барған Азаттық тілшілері Аманқарағай ауылында орманға жақын үйлердің көбі түгі қалмай жанып кеткенін көрді. Жанып кеткен үйлердің маңында кірпіштер, темір пештер, шатырлар, киім-кешек, мата, жемістер шашылып жатыр. Айнала күл, өрт шалған жердің бәрі қап-қара, демалу мүмкін емес.

Өртенген үйден темір-терсек жинап жүрген тұрғындар. Аманқарағай ауылы Қостанай облысы. 5 қыркүйек 2022 жыл.

Үйлері өртеніп кеткен аманқарағайлықтардың біразы 5 қыркүйекте ауылға оралып, өрттен аман-қалған заттарын іздеп жүр.

- Аманқарағайда орманға жақын тұрған үйлердің бәрі жанып кетті. Жиенім мен құрдасымның үйі өртенген. Әдемі үйлер болған еді, бау-бақшалары да жанып кетті. Үй де жоқ, ештеңе қалмады. Өзім ауылдың орталығында тұрамын, бізге өрт жеткен жоқ, сол орманның маңындағы үйлер өртенген, - дейді Аманқарағай тұрғыны Алтынбек Егеубаев Азаттық тілшісіне.

"Үйімнен түк қалмады" деген тағы бір тұрғын "өрттен қалған темір-терсектер болса соларды алып сатып ақша қылсам деп жүрмін" деді. Ортасына түскен үйлеріне келіп, темір іздеп жүрген тұрғындар біршама. Бірнеше тұрғын өрт үйлеріне жақындағанда көліктеріне отырып, басқа жаққа бас сауғалағандарын айтады.

Your browser doesn’t support HTML5

Азаттық тілшісі өрт болған Қостанай облысында

Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, Аманқарағай ауылынан бөлек Озерное ауылында алты үй өртеніп, 250 адам басқа жаққа көшірілген. Колинино ауылынан 228 тұрғын, Лесное ауылынан 363 адам эвакуацияланған. Ведомство 5 қыркүйекте Бағаналы ауылына да өрт қаупі төніп, тұрғындарды басқа жаққа көшіру басталғанын хабарлады.

Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин Аманқарағай ауылында 1936 жылы туған мүгедек адам қаза тапқанын айтқан. Министр тұрғын жергілікті инспектордың эвакуациялау ұсынысынан бас тартты дейді. Бірақ желі қолданушылары өрт болып жатқан жерде эвакуациялау шарасы ұсыныс жасау арқылы жүргеніне наразылық білдірген. Ал министр Ильин адам өлімі бойынша тергеу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді.

Аманқарағай ауылында жүрген өрт сөндірушілер. Қостанай облысы. 5 қыркүйек 2022 жыл.

ТЖ министрлігінің мәліметінше, он адам жараланған я күйік шалған. Зардап шеккендердің бесеуі тұрғын, оның ішінде біреуі кәмелетке толмаған бала. Сондай-ақ орман шаруашылығының бір қызметкері, әкімдіктің бір жұмысшысы және ТЖ министрлігінің үш қызметкері жарақаттанған.

"АДАМДАР МАҢДАЙ ТЕРМЕН ЖИНАҒАНЫНАН АЙЫРЫЛДЫ"

Азаттық тілшілері Қостанай облысы Әулиекөл ауылындағы эвакуация орталығы мен өрттен зардап шеккендерге көмек жинау орталығына барып, сол жердегі тұрғындармен жолықты. "Үйімнен толық айырылып қалдым" деген аманқарағайлық Анетта Козлова "мұндайды ешкімге тілемейміз" деп көзіне жас алды.

- Өрт шыққанда бізге жетеді деп ойламадық. Екі жыл бұрын да өртенген, бірақ бізге жетпеген еді. Бұл жолы да өрт бізді айналып өтеді деп ойлаған едік. Бірақ орманнан өрт жақындап келе жатты, Аманқарағай ауылын түтін баса бастады. Осы кезде қорқып, қашу керек деп шештік. Құжаттарымыз бен ақшаны алып үлгердік. Соғыстағыдай көрініс болды. Құтқарушылар келе бастады. Барлығы бір-біріне көмектесіп, көшеде жаяу кетіп бара жатқандарды, қарт адамдарды көліктеріне отырғызып алып кетіп жатты. Мұндайды ешкімге тілемейміз. Адамдар маңдай терімен жинаған барынан айырылды, ештеңе қалмады. Бастысы балаларымыз аман қалғанына қуанамыз, - дейді ол.

Үйі өртеніп кеткен Анетта Козлова мектепте орналасқан эвакуациялық орталықтың маңында жүр. Қостанай облысы Әулиеата ауылы. 5 қыркүйек 2022 жыл.

Ал Аманқарағайдың тағы бір тұрғыны Евгений Коваленко "Жұмыста болған едім, көршім хабарласып, үйің өртеніп жатыр деді. Келіп, қораны ашып қалғанда сиырым өртеніп жатқанын көрдім. Мен түтінге тұншығып, есімнен танып құлап қалдым, жедел жәрдем келіп, көмектесті. Үш сағат ес-түссіз жаттым" деді.

"Жетімдер үйінде өстім, үйімді өзім салып, төрт сиыр сатып алып, аяқтан тұрып, өмір сүріп жатыр едім" деген Евгений "үкімет көмектесер" деп үміттенеді.

Қостанай облысында кемі 43 мың гектер жер өртке оранған соң үкімет аймақта төтенше жағдай жариялап, арнайы штаб құрды.

5 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен келіп, Әулиекөл ауылындағы мектептегі эвакуациялық орталыққа барды. Ол өрттен зардап шеккендермен кездесуде "үкімет екі-екі жарым ай ішінде зардап шеккендерге жаңа үй салып береді" деп уәде берді. Тоқаевтың Қостанай облысына баратыны өрт басталмай тұрып айтылған. Ол 1973-38 жылдары репрессияға ұшыраған ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын мерекелеуге баруы тиіс еді. Бірақ өртке байланысты бұл шара кейінге шегерілді. Тоқаевтың Қостанайдағы мерекеге сапары биыл күзге жоспарланған президент сайлауы қарсаңында өтуі тиіс еді.

"ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА МАТЕРИАЛДЫҚ БАЗА ЕСКІРГЕН"

Арнайы штабтың мәліметінше, 5 қыркүйектегі жағдай бойынша Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы және Калинино ауылы маңындағы ормандарда өрт сөндіру әлі жалғасып жатыр. Өрт сөндіруге 224 техника, төрт тікұшақ, үш ұшақ, бес өрт сөндіру пойызы, 2139 адам жұмылдырылған.

Қазір Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында және бірнеше облыста Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге көмек жиналып жатыр.

Өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз. Төтенше жағдай министрлігі өртке күннің ыстықтығы себеп болуы мүмкін деп мәлімдеген. Құтқарушылар абайсызда өртеп алу я қасақана от қоюы да мүмкін дегенді айтады. "Қазгидрометтің" болжамынша, алдағы күндері Қостанай облысында күн 31 градусқа дейін ысиды.

Өртенген үйінің жанында отырған тұрғын. Аманқарағай ауылы Қостанай облысы. 5 қыркүйек 2022 жыл.

Қостанай облысындағы жағдай бойынша "Отпен абайсыз жұмыс iстеу арқылы ауыр зардаптарға әкеп соққан не аса ірі залал келтірілген іс-әрекет", "Ормандарды жою", "Абайсызда екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Экологиялық мәселелерді көтеріп жүрген экобелсенді Сәкен Ділдахмет Қостанай облысындағы өрт орман шаруашылығын қаржыландыру мәселесін, маман тапшылығын, өрт сөндіру техникаларының ескілігін ашық көрсетіп берді деп санайды.

- Елімізде 120 орман шаруашылығы мекемесі бар. Бұл мекеме облыс әкімдіктерінің балансына берілген. Ал мекемелер өрт шықса міндетін толық атқара алмай жатады. Біріншіден, материалдық базасы ескірген. Екіншіден, әкімдіктер бұл салаға көңіл де, қаржы да бөлмейді. Алдымен әлеуметтік, денсаулық, білім, азқ-түлік, мектепке қаржы бөледі де орман шаруашылығына ақша қалмайды. Осы мәселені үкімет қарауына алуы керек. Орман шаруашылық мекемелерін орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қайтару керек. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығынына қажетті базаны толық жаңартып, мамандарды даярлауы тиіс. Орманшылардың айлығы өте аз. 30-40 мың теңге алады, ауылдағы орманшылардың айлығы 25 мың теңге. Сондықтан бұл салаға бөлетін қаражатты көбейту керек. Егер техникалық база мықты болып, мамандар кәсіби біліктілікпен шыңдалғанда Қостанай облысындағы өртті тез өшіруге болар еді. Қазақстанда орман аз, соны сақтауымыз керек - дейді Сәкен Ділдәхмет Азаттыққа.

Экобелсенділер Қостанай облысында өртенген орманды қалпына келтіруге ондаған жыл кетеді деп болжайды.

Мақаланы жазуға Әсемгүл Мұхитқызы атсалысты.