Oyan, Qazaqstan мен тіркелмеген Демпартия кезектен тыс сайлауды мойындамайтынын мәлімдеді

Президент сайлауындағы кандидаттар жарнамасы. Алматы. 14 маусым, 2019 жыл.

Саяси реформаларды қолдайтын Oyan, Qazaqstan азаматтық қозғалысы осы күзде мерзімінен бұрын өтеді деген президент сайлауын, оның нәтижесін заңды деп мойындамайтынын мәлімдеді. Қозғалыс өкілдерінің айтуынша, кезектен тыс сайлау тағайындау арқылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев "билікті басып алудың Назарбаевтан қалған әдістеріне" жүгініп отыр.

Қозғалыс қуғын-сүргінді және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуді тоқтатуды талап етті. Бұған қоса олар елде саяси реформа жүргізуге, соның ішінде президенттікке кандидатқа қойылатын талаптарды жеңілдетуге, саясатқа араласуға ынта танытқандарға мүмкіндік беруге, саяси тұтқындар мен Қаңтар оқиғасына қатысушылардың барлығын, соның ішінде "заңсыз ұсталған саясаткер", тіркелмеген Демократиялық партияның басшысы Жанболат Мамайды босатуға шақырды.

2017 жылы заңға енгізілген өзгерістер бойынша, азамат президенттіке өзін-өзі ұсына алмайды, ал президенттіктен үміткер мемлекеттік қызметте не сайланатын қызметте кемінде бес жыл жұмыс істеген болуы керек.

Тіркелмеген Демократиялық партия да "салмақты саяси реформа жасалмай тұрғанда" ерте сайлау өткізудің жөні жоқ деген мәлімдеме жасады.

"Салмақты саяси реформа жүріп, демократия принциптеріне қайшы келетін заң өзгергеннен кейін ғана сайлау өтуі керек. Саяси тұтқындар мен Қаңтар қасіретінде қамалғандар босатылуы тиіс. Демократиялық партия жетекшісі Жанболат Мамай заңсыз түрмеде отырған кезде сайлау өткізуге қарсымыз. Сондықтан біз бұл сайлауға қарсы шығамыз және халықты бейбіт наразылыққа шақырамыз" делінген тіркелмеген партия белсендісі Инга Иманбайдың мәлімдемесінде.

1 қыркүйекте парламентте халыққа жолдау арнаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынып, оған түсуге дайын екенін мәлімдеген. Бұған қоса ол Конституцияға президент өкілетін жеті жылдық бір ғана мерзіммен шектеуді көздейтін өзгеріс енгізуге ниетті екенін жеткізген. Қазақстан Конституциясы бұдан екі айдай бұрын, 5 маусымда өткен республикалық референдумда өзгертілген еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тоқаев Назарбаев әулетінің есе қайтаруынан қорқады"

2019 жылғы 19 наурызда Қазақстанды 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен кететінін жариялаған соң оның орына сол кездегі сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев келген. Сол жылы 9 маусымда елде мерзімінен бұрын президент сайлауы өтіп, Тоқаев бес жыл мерзімге сайланған. Сайлау қарсаңында, дауыс беру күні және одан кейін елде жаппай наразылық болып, мыңдаған адам ұсталды. Констиуция бойынша оның өкілеті 2024 жылы аяқталуы тиіс.

Сарапшылардың айтуынша, Қауіпсіздік кеңесінің және биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы қызметтерін сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаев президент билігіне ықпалын жүргізіп келді. Биылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметі Тоқаевқа өтті, кейін ол билік партиясының төрағасы қызметін де қолына алып, "Нұр Отанның" аты "Аманат" болып өзгерді.