Шымкентте Қаңтардан соң сотталған белсенділердің жақындары апелляциялық соттан үкімді өзгертуді талап етті

Шымкентте Қаңтар оқиғасынан соң "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен сотталған Қайрат Сұлтанбек, Ләззат Досмамбетова және Жанмұрат Аштаевтың аппеляциялық сотына келген жақындары. 7 қыркүйек 2022 жыл.

7 қыркүйекте Шымкентте Қаңтар оқиғасынан соң "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен сотталған Қайрат Сұлтанбек, Ләззат Досмамбетова (3 жыл 7 ай) және Жанмұрат Аштаевтың (үш жыл) аппеляциялық сотында оларды қолдауға жүздей адам жиналып, соттан әділ үкім шығаруды талап етті. Апелляциялық сот шешімді 8 қыркүйекке қалдырды.

Шымкент қалалық сотында өткен отырысқа қамаудағы азаматтардың туыстары мен белсенділерден құралған жүзге жуық адам жиналды. Қолдарына "Қанды қаңтар" деген жазуы бар плакат ұстаған топ сот ғимаратының дәлізінде “Бостандық” деп ұрандап, сотталғандарды босатуды талап етті.

Сот қызметкері залға бәрі сыймайтынын, ішке 27 адамды ғана кіргізетінін айтты. Жиналғандар үлкен зал сұрап, наразылық білдірді. Бірақ сот отырысына адвокаттар, журналистер, сотталушылардың жақындары мен бірнеше адам ғана қатысты.

Сот Қайрат Сұлтанбектің әйелі әрі қорғаушысы Ардақ Сәтпаеваның жиналғандардың бәрін сот залына кіргізу туралы өтінішін "бұл істі егжей-тегжейлі қарауға кедергі келтіреді" деп қанағаттандырмады.

Белсенділер өз сотына қатыспады. Судья бұл шешімін “Аппеляциялық отырыста сотталушылардың жазасын ауырлату мәселесі қаралмайды, сондықтан оларды сот залына алдыруға негіз жоқ” деп түсіндірді.

Адвокат Әбдіраман Аққұлов айыпталушылардың әрекетінде Қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-3 бөлімінде көрсетілген жаппай тәртіпсіздік белгілері (ғимараттарды қирату, мүлікті бүлдіру, өртеу, қару қолдану) жоғын айтты.

Адвокаттың сөзінше, "осыған дейінгі сот процессінде айыптау тарабы Шымкент қаласында болған жаппай тәртіпсіздік салдарынан келген жалпы шығынды ғана көрсеткен. Бірақ белсенділердің бұл шығынға қатысы барын дәлелдейтін бірде- бір айғақ келтірмеген. Айыпталушылардың әрекетінен зардап шеккен жәбірленушілер де жоқ".

Құқық қорғау ұйымдарының атынан келген адвокат Еркін Қахаров “Кінәсіз адамды қорғау қиын. Үшеуі де 4 қаңтар күні үйде отырған. Мұны қалай дәлелдеймін? Керісінше айыптау тарабы олардың алаңда болғанын, ғимараттар мен көліктерді қиратып, өртегенін дәлелдеп берсін” деді.

Қамауда отырған белсенді Аштаевтың аяғы ауыр әйелі Мөлдір Нұранова күйеуін ақтауды, ең болмағанда, шартты жазаға кесіп, балаларының жанына жіберуді сұрады.

- Төрт балам бар, жақында бесіншісін босанғалы отырмын. Отбасымызға асыраушы керек, - деген әйел көзіне жас алды.

Прокурор осыған дейінгі сот үкімін күшінде қалдыруды сұрап, "белсенділерді ақтауға еш негіз жоғын" айтты.

15 шілдеде Шымкенттегі әл-Фараби аудандық соты Қаңтар оқиғасына байланысты Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айыпталған белсенділер Жанмұрат Аштаевты 3 жыл бір айға, Ләззат Досмамбетова мен Қайрат Сұлтанбекті 3 жыл 7 айға түрмеге кескен еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Шымкентте соты басталған үш белсенді өздеріне тағылған "жаппай тәртіпсіздік" айыбын мойындамайдыДүрбелеңнен кейін телефоннан тыңдалған сөзін қылмысқа айғақ қылды. Ләззат Досмамбетоваға сот үкімінде не айтылды?