Ақтөбеде мұнайшылар ереуілге шықпақ болған соң қытайлық "ДО КНИСГ" компаниясы жалақыны көбейтуге уәде берген 

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Жаңажол кенішінде мұнай өндіруші жиырма жұмысшы 9 қыркүйекте аудан орталығы Қандыағаш қаласына барып, ереуіл өткізбек болған соң олармен компания басшылығы мен билік өкілдері кездескен. Мұнайшылар еңбек жағдайы мен жалақының аздығына наразы.

"ДО КНИСГ" мұнайшыларының ереуілге әзірленіп жатқаны туралы видео желіде тарап кеткеннен кейін Жаңажол кенішіне аудан, облыс әкімдігінің өкілдері барды. Кеше, 8 қыркүйекте кеніште тараптар түгел қатысқан жиын өтіп, "ДО КНИСГ" компаниясының директоры Лю Хунчэн мұнайшылар жалақысын 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап көбейтуге уәде берген. Бірақ қытайлық инвестор мұнайшылар жалақысына қанша пайыз қосатынын айтпаған.

- Жалақының аздығы туралы былтырдан бері айтып келеміз. 2021 жылы қыркүйекте 10 пайыз, биыл қаңтарда 20 пайыз қосылды. Соның өзінде жүз мыңнан сәл ғана асатын айлық алып жүрміз. Сол азғантай жалақыдан ай сайын тамақтың ақшасын ұстап қалатын. Ереуілге шығамыз деген соң бүгіннен бастап жұмысшылар асханасына төлеу үшін жалақымызға 15 мың теңгеден қосатын болды, - деді "инвесторлардың қудалауынан қорыққандықтан" аты-жөнін атамауды өтінген жұмысшы.

"Тараптар кеше 8 қыркүйекте мәмілеге келді. Өндіріс тоқтаған жоқ" деп хабарлады Азаттыққа Ақтөбе әкімдігі.

Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шерияздановтың сөзінше, "ДО КНИСГ" жұмысшылары биыл шілдеде аудан әкімдігіне хат жолдап, жұмысшылар жатақханасындағы төсектің жыртылып біткенін, кондиционерлердің істен шыққанын, жалақының аздығын айтып шағынған.

- Жұмысшылар шағымынан соң еңбек жағдайы дұрысталды. Бірақ жалақы мәселесі әлі шешімін таппай тұр. Мұғалжар ауданындағы жалақының орташа көрсеткіші – 137 мың теңге. "ДО КНИСГ" төлейтін ақы бұл көрсеткішке де жетпей тұр. Компания басшылары тапсырыстың азайғанын, табыстың күрт нашарлағанын айтады. Соның өзінде жұмысшыларын қысқартпай, шілдеде 152 адамды орташа жалақысының 60 пайызын төлеп, демалысқа жіберген. Қазір кеніштегі жұмысшы саны 35 адамнан көп емес, - дейді Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шериязданов.

Мұғалжардың әкімі жаңа жылдан бастап "ДО КНИСГ" мұнайшылары жалақысына қанша пайыз қосылатынынан бейхабар. Әкімнің айтуынша, бұл компанияның бас директоры Ли Мин іссапардан келген соң белгілі болады.

"ДО КНИСГ" мұнайшыларының ереуілге әзірленіп жатқаны туралы видео тараған соң Ақтөбе әкімдігі Жаңажолға облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасы Алтынбек Әмірғалиев пен еңбек инспециясының басшысы Абдухат Мырзалинді, аудан әкімінің өкілдерін жіберген. Кенішке барған бұл азаматтардың басты мақсаты ереуілдің алдын алу болған.

-Бұл жолы мұнайшылардың еңбек жағдайын тексерген жоқпыз. Әкімдіктен хабарлама түскендіктен тараптарды мәмілеге келтіруге бардық. Ереуілдің заңсыз екенін түсіндірдік, - дейді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясының бөлім басшысы Ақылбек Зейнуллаұлы.

Жаңажол кенішінде мұнай өндіретін "ДО КНИСГ" - қытайлық CNPC -АMG компаниясының мердігері. Қытайдың CNPC (Қытай ұлттық мұнайгаз корпорциясы) "Ақтөбемұнайгаз" акциясының басым бөлігін тендер арқылы 1997 жылы жеңіп алған. Egov-тағы ақпаратқа қарағанда, компанияның Ақтөбе облысында 11 өкілдігі бар, тағы бір өкілдігі Нұр-сұлтан қаласында.

Қытайлық инвесторлардың Ақтөбеде мұнай өндіре бастағанына биыл 25 жыл болды. Кейінгі кезде "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясына тиесілі кеніштерде мұнайшылар наразылығы жиі өтеді. Бірақ осы кезге дейін CNPC өкілдері журналистерге сұқбат беріп, оның себебін түсіндірген емес.

Қазақстан – Қытайға металл, мұнай сияқты түрлі шикізат беретін ел, оның үстіне Қазақстан Қытайды Еуропамен жалғайтын "Бір белдеу-бір жол" инфрақұрылым жобасындағы ең басты серіктесі. Қытай басшысы Си Цзиньпин 14 қыркүйекте Нұр-Сұлтанға келіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі деп жоспарланған. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың айтуынша, кездесу кезінде екіжақты маңызы бар бірнеше құжатқа қол қойылады.