Путин "ДХР", "ЛХР", Запорожье, Херсондағы оккупацияланған аймақтарды Ресейдің жері деп жариялады

Владимир Путин

Ресей президенті Владимир Путин 30 қыркүйекте Кремльдегі жиында "ДХР", "ЛХР", Херсон және Запорожье облыстарының оккупацияланған жерлерін Ресей территориясы деп жариялады.

"Бұл – миллиондаған адамның қалауы. Луганск, Донецк, Запорожье және Херсон тұрғындары енді Ресей азаматтары, олар Ресейге мәңгілікке оралды" деді ол.

Ресей қазір Украинаның Луганск, Донецк, Запорожье және Херсон облыстарының жарты бөлігін бақылауда ұстап отыр. Путин бұл облыстардың қай бөліктерін, қай шекараларын қорғайтынын ашып айтпады.

Ресей президенті сөзінің басында Совет одағының ыдырауын "трагедия" деп атап, Коммунистік партияның лидерлері "қарапайым адамдармен ақылдаспай" Совет одағын "ыдыратты" деді. Бұған қоса, ол "біз келіссөз үстеліне отыруға дайынбыз, бірақ Запорожье және Херсонның статусы талқыланбайды" және Ресей Украинада "Батыспен күресіп жатыр" деді.

Путин "Ресей – Батыстың жалған ережелерімен өмір сүрмейтін мыңжылдық держава" деп, Батысты "расистер" және "колонизаторлар" деп айыптады.

Ресей Украинаның Луганск, Донецк, Запорожье және Херсон облыстарының бір бөлігін оккупациялап алып, 21-27 қыркүйекте псевдореферендум өткізген. Оккупация билігі "референдумда" халықтың 90 пайызынан астамы аймақтардың "тәуелсіздігін жақтап дауыс берді" деп мәлімдеді. Осыдан соң оккупацияланған аймақтардың Кремль тағайындаған басшылары Путиннен басып алған жерлерді Ресейге қосуды сұрады.

Аймақтарды Ресейге қосу туралы келісімге Путин, оккупацияланған "ДХР" мен "ЛХР" аймағынан осы жерлердің "басшылары" Денис Пушилин мен Леонид Пасечник, Херсон мен Запорожье аймағының Ресей тағайындаған "басшылары" Владимир Сальдо мен Евгений Балицкий қол қойды.

Осыдан соң Путин бұл құжатты тексеру үшін Конституциялық сотқа қайырылады. Конституциялық сот келісім заңға сай десе мемлекеттік дума мен федерация кеңесі ратификациялауы тиіс. Сарапшылар бұл процестердің бәрі формальды түрде болады деп санайды.

Батыс елдері, Еуропа, Киев Ресей өткізген псевдореферендумдардың нәтижесін мойындамайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Ал Украина президенті Владимир Зеленский БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі сөзінде егер Кремль псевдореферендум нәтижесін мойындаса "келіссөзге мүлде бармайтынын" айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Украинаның Донецк облысына мобилизацияланған ресейліктердің алғашқы легі жеткені хабарландыПутин Херсон және Запорожье облыстарының "тәуелсіздігі" туралы жарлыққа қол қойдыСІМ: Қазақстан Украинадағы "референдумға" бақылаушы жіберген жоқҚазақстан СІМ Украинадағы "референдум" туралы: Аумақтық тұтастық тұрғысынан қараймыз