Ресейдің қамаудағы оппозиционері Владимир Кара-Мурзаға Вацлав Гавел сыйлығы берілді

Владимир Кара-Мурза

Ресей оппозиционері Владимир Кара-Мурза адам құқығы саласындағы Вацлав Гавел сыйлығының лауреаты болды. Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының (ПАСЕ) төрағасы Тини Кокс сыйлықты 10 қазанда ассамблеяның пленарлық отырысы басталар алдында Кара-Мурзаның әйеліне табыстады.

Кара-Мурза қазір "Ресей әскері туралы жалған ақпарат таратты" деген айыппен Ресейде қамауда отыр. Оның үстінен "мемлекетке опасыздық жасады", "Ресейге жау пиғылдағы ұйым жұмысына қатысты" деген айыптармен қылмыстық іс қозғалған. Мұндай айыптармен 20 жылға дейін бостандығынан айырылуы мүмкін.

10 қазанда Мәскеу қаласының Басман соты Владимир Кара-Мурзаны қамау мерзімін тағы екі айға, яғни 12 желтоқсанға дейін ұзартқан.

Сыйлық чехтың аты аңызға айналған диссиденті әрі президенті Вацлав Гавел құрметіне тағайындалған.

"Бүгінгі Ресей билігіне қарсы тұруға үлкен жүрек пен ерлік керек", - деді Кокс.

41 жастағы саясаткерді биыл сәуірде тұтқындаған. Бастапқыда оған "Ресей әскері туралы жалған ақпарат таратты" деген айып таққан. Кара-Мурза Американың Аризона штатының заң шығарушы органы алдында сөйлегенде Ресей билігін және оның Украинаға басып кірген саясатын сынаған.