Қызылордада Қаңтар оқиғасында оқ тиген Құдайбергенов "сарбаз өліміне қатысы  бар" деген күдікпен сотталып жатыр

Қызылордада Қаңтар оқиғасына байланысты күдікке ілінген Қазбек Құдайбергенов және Іңкәрім Құдайбергенова.

Қызылорда қаласындағы №2 сотта Қаңтар оқиғасында "алаңда әскери көлікпен солдатты басып өлтірді", "теракт жасамақ болды" деп айыпталған Қазбек Құдайбергеновтың соты жалғасып жатыр. Істі судья Думан Әлиев жүргізіп жатыр.

34 жастағы Қазбек Құдайбергенов тоғыз айдан бері қамауда отыр. Оған “теракт жасамақ болды” (255-бап 4-бөлік), “жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды” (272-бап 2-бөлік), “билік өкіліне күш көрсетіп, қарсылық көрсетті” (380-бап 2-бөлік) деген бірнеше айып тағылып отыр.

Сот процесі 25 мамырда басталған. 11 қазанда болған процесте екі әскери қызметкер куәгер және жәбірленуші ретінде жауап берді.

Бұл істе 18 куәгер бар, олардың барлығы - әскери қызметкер.

Құдайбергеновтің әйелі Іңкәрім Сұлтанова Қаңтар оқиғасында күйеуінің аяғынан оқ тиіп жарақат алғанын, изоляторда оны ұрып соғып, басына пакет кигізіп, электрошокермен азаптағанын айтады. Оның сөзінше, бұл азаптаулар туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күзет қызметіне жазған арыздарын қабылдамай кері қайтарған.

Адвокат Тоқтар Мырзамбет Құдайбергеновті айыптау дәлелсіз болжамдарға ғана құралып отыр деп санайды.

– Қызылордада Құдайбергенов алаңға шыққан күндері төтенше жағдай немесе антитеррорлық операция жарияланған жоқ. Сондықтан оны “терракт жасады, сарбазды өлтірді” деп айыптауға негіз жоқ. Айыптау актісінде бір де бір сараптама жоқ. Мәйітке де сараптама жасалмаған, тек дене жарақаты туралы ғана айтылады. Істегі 18 куәгердің бірде-бірі оны көрмеген, тек естігендерін айтып отыр. Видео да жоқ,- дейді ол.

Қазбек Құдайбергенов - Қызылорда қаласының тумасы. Біраз уақыт мамандығы бойынша мұнай-газ операторы болып жұмыс істеп, кейін жеке кәсіппен айналысып жүрген. Оның кәмелетке толмаған үш баласы бар. Жұбайы Іңкәрім Сұлтанова қазір рак ауруымен күресіп жүр. Ол үшінші топтағы мүгедек.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылордада 26 адам қазаға ұшыраған. Оның біреуі міндетті әскери борышын өтеп жүргенде мерт болған. Полиция ғимараттары алдында оққа ұшқан азаматтардың өліміне, уақытша ұстау изоляторы мен тергеу абақтысына қамалып, азапталған азаматтардың арыз-шағымы бойынша ешкім жауапқа тартылған жоқ.

  • Биыл жыл басында Ақтауда газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылық бүкіл елге жайылып, аяғы қантөгіске ұласты. Бірнеше қалада полиция көліктері өртеліп, мемлекеттік ғимараттар бүлінді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге "20 мың террорист шабуылдады" деп мәлімдеп, күш құрылымдарына "ескертусіз оқ атуға бұйрық" берген. Алайда кейін билік "20 мың террорист" жайлы мәлімдемені жоққа шығарған. Ресми органдар оқиға кезінде барлығы 238 адам мерт болды дейді. Оның алтауы полицияда азаптаудан қаза тапқан.
  • Азаттық осы оқиғадан қаза тапқандардың тізімін жүргізіп, марқұмдар зерттеу жүргізді. Билік қаза тапқандар арасында кездейсоқ оққа ұшқандар бар екенін мойындағанымен, марқұмдардың көбінің үстінен терроризм, жаппай тәртіпсіздік, қару ұрлау, тонау, мүлік жою баптарымен іс қозғаған. Істі болған марқұмдардың туыстары негізсіз жала жауып отыр, тергеушілер дәлел келтірмей отыр дейді.
  • 1 қыркүйектегі жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін істі болғандарға бір реттік рақымшылық жасалатынын айтқан. Бірақ бұл рақымшылықтың "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайтынын" ескерткен.