Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде тіркемеу туралы Ильяшевтің арызын сот қанағаттандырмады

Сотқа қашықтан қатысып отырған Әлнұр Ильяшев (экранда) пен прокурор. 17 қазан 2022 жыл

Қазақстан Жоғарғы соты қоғам белсендісі, заңгер Әлнұр Ильяшевтің Орталық сайлау комиссиясы үстінен түсірген талап арызын қарауды 17 қазанда бастап, сол күні аяқтады. Судья Ирина Калашникова Қасым-Жомарт Тоқаевты алдағы мерзімінен бұрын президент сайлауына кандидат ретінде тіркемеуді талап еткен Әлнұр Ильяшевтің арызын қанағаттандырмады.

Сот кезінде Әлнұр Ильяшев президент қайтыс болса, іс басындағы президент науқас болса немесе оған импичмент жарияланса ғана заң бойынша мерзімінен бұрын сайлау өтеді деген уәжін айтты.

"Мұның бірі де болған жоқ. Сондықтан Тоқаевта Қазақстанның өзге азаматтарының конституциялық құқығын бұзатындай себеп жоқ",- деген Ильяшев ОСК "Тоқаевтың кандидатурасын тіркемеуге тиіс" деп санайды.

ОСК өкілі Нариман Әлғожин іс басындағы президентті кандидат ретінде тіркеу заңға қайшы келмейтінін мәлімдеді. Прокурор ОСК өкілін қолдады.

Кеңес бөлмесінен оралған судья талап арыз қанағаттандырылмайтыны туралы шешім шығарып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын алып тастауға еш негіз жоқтығын айтты.

Әлнұр Ильяшев сот шешіміне келіспейтінін, шешімді алған соң үш күн ішінде шағым түсіретінін мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевты кандидаттықтан шығару туралы Әлнұр Ильяшевтің арызымен Астанада сот басталды

Соттың алғашқы отырысында Әлнұр Ильяшев бірқатар адамдарды, соның ішінде Азаттық тілшісін де сот залына кіргізбеген судья Ирина Калашниковаға сенімсіздік білдірген. Осыған байланысты сот отырысы кейінге қалған. Сот алқасы үш сағат үзілістен кейін, "сенімсіздік білдіруге негіз жоқ" деген шешім қабылдап, сот отырысы қайта жалғасқан.

Қазақстан Жоғарғы соты 17 қазанда азаматтық белсенді, заңгер Әлнұр Ильяшевтің Орталық сайлау комиссиясының үстінен түсірген талап арызы бойынша әкімшілік істі қарауды бастаған.

14 қазанда Әлнұр Ильяшев президент Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде тіркемеуді сұрап, Қазақстан Жоғарғы сотына талап арыз түсіргенін хабарлаған.

Ильяшев талап арызында Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан президенттігіне кандидат деп тіркеу туралы ОСК қаулысын заңсыз деп тануды талап еткен. Ильяшев ОСК "Қазақстан мерзімінен бұрын сайлау өткізіп, сайланбалы лауазымға лайықты балама ұсынуға жол бермейтін практиканы жүзеге асырып отыр" деп санайды.

12 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы сайлауда Қазақстан президенттігіне алғашқы кандидат болып тіркелген. Кандидаттар тіркеу 21 қазанға дейін жалғасады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жаңа Қазақстан" жайлы уәде мен "жалған жеңімпазы бар сайлау"