Жазушы Алпамыс Бектұрғанов саяси қозғалысын тіркегенін мәлімдеді

Жазушы Алпамыс Бектұрғанов. Орал, 18 қазан 2022 жыл.

Жазушы, азаматтық белсенді Алпамыс Бектұрғанов 18 қазанда Орал қаласындағы кездесу кезінде саяси қозғалысын тіркегенін мәлімдеді. Айтуынша, саяси ұйымды тіркеу туралы оннан астам өтініш түсіріп жатып, 15-өтінішін билік қанағаттандырған. Саяси ұйымды тіркегені жайлы құжатты ол кезектен тыс президент сайлауына үміткерлерді ұсыну кезеңі аяқталғаннан кейін алған.

18 қазанда жазушы Оралда "Сара жол" атты саяси қозғалысын таныстырды. Айтуынша, тіркеу туралы өтінішті былтыр желтоқсанда тапсырған, ал тіркегені жайлы құжатты биыл 11 қазанда алған.

—Маған қозғалысты тіркегені жөнінде 11 қазанда Астана уақытымен кешкі сағат жетіде хабарлады. Біз республикалық қозғалыс ретінде тіркелдік, сол себепті құжаттарды астанада тапсырдық, – деді Бектұрғанов.

Оның айтуынша, осы уақыт бойы қозғалыс өкілдері ұйымды тіркеу үшін 15 рет құжат тапсырған. "Біресе нүкте қойылмаған, біресе үтір қойылмаған деп қайтарып жіберді..." дейді жазушы. Ол кезектен тыс президент сайлауына үміткер ұсынып үлгермегенін айтты.

Бектұрғановтың айтуынша, кезектен тыс президент сайлауында 14 облыс, астана мен Алматы, Шымкент қалаларында өкілдері бар саяси қозғалыс сайлау учаскелерінде бақылау жүргізбек. Ұйым қазіргідей формада көктемде өтеді деп айтылатын парламент сайлауына қатысуды жоспарлап отыр. Дегенмен заң бойынша, тек тіркелген саяси партиялар ғана кандидат ұсына алады.

Жазушының айтуынша, саяси қозғалыстың мақсаты – "халықты толғандырған" барлық мәселенің шешімін табу. Қазір "Сара жолдың" 11 құрылтайшысы бар, ұйымның "есігі барлығына ашық" дейді ол.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісі, жазушы Алпамыс Бектұрғанов 2009 жылы тамыз айында "жала жабу ісі" бойынша сотталып, бір жыл түрмеге кесілген. Ол кезде оның үстінен шағымды БҚО-ның сол кездегі әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов түсірген. Бектұрғанов баспасөз жиыны кезінде өзінің бұрынғы бастығын жемқорлық пен тамыр-таныстыққа жол берді деп айыптаған. Жазушы бір жылға сотталған соң 2009 жылы қыркүйекте Бектұрғанов "жемқорлық ісі" бойынша тағы үш жыл түрмеге кесілген.

Ол 2010 жылы қазанда қоныстандыру колониясынан ерте босап шыққан. Кейін бейбіт митингілерге қатысып, билікті сынады.

  • Қазақстанда кандидатты ұсыну кезеңі 11 қазанда кешкі сағат 6-да аяқталған. Қазірге дейін кандидат куәлігін үш адам алды: "Ауыл" кандидаты Жигули Дайрабаев, "Аманат" кәсіподақтар достастығы кандидаты Мейрам Қажыкен, қазіргі президент, "халықтық коалиция" атынан ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаев.
  • Кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді. Көптеген сарапшылар сайлаудың нәтижесі алдын ала анықталып қойған деп санайды. Осы аптада Жоғарғы сот Тоқаевты кандидат ретінде тіркеу құжатының күшін жоюды талап еткен жергілікті белсендінің өтінішін қанағаттандырмаған.