Қаңтар оқиғасы бойынша бір полицей рақымшылыққа ілінуі мүмкін

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев.

Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған бір полицей рақымшылыққа ілінуі мүмкін. 19 қазанда мәжілісте Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жариялау туралы заң жобасы талқыланған кезде осындай мәлімет айтылды.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиевтің айтуынша, қазіргі кезде Қаңтар оқиғасына байланысты күштік құрылымның 49 өкіліне айып тағылған. Біреуі рақымшылыққа ілінуі мүмкін.

– Қазіргі кезде 49 құқық қорғау қызметкерінің өкілі жауапқа тартылып жатыр. Оның біреуіне ғана рақымшылық қолданылуы мүмкін. Іс әлі сотқа жіберілген жоқ. Ол "Қылмысты жасыру" (432-бап) бойынша айыпталған, - деді Әсет Шыңдалиев. Оның айтуынша, қалғандарына "Азаптау" және "Билікті асыра пайдалану", "Адам өлтіру" баптары бойынша айыптар тағылған.

Заң жобасын мәжілісте таныстырған депутат, мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Гүлнар Бижанованың айтуынша, құжатқа сәйкес, 4-7 қаңтар күнгі "заңбұзушылықтарға қатысы бар" 1,5 мыңнан астам адам амнистияға ілінуі мүмкін. Құжат жеңіл және орташа ауыр қылмыс жасағандардың барлығын қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуды, ауыр және ерекше ауыр қылмыс жасап, сонысын мойындағандардың жазасын қысқартуды ұсынады. Заң жобасы бойынша, "ауыр қылмыс жасағандардың жазасының төрттен үші, ерекше ауыр қылмыс жасағандардың жаза мерзімінің жартысы қысқартылады".

Рақымшылықтың "мемлекетке сатқындық жасау, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптаумен байланысты" қылмыс жасағандарға қатысы жоқ.

19 қазанда мәжіліс заң жобасын мақұлдады.

Ресми мәлімет бойынша, қазірге дейін Қаңтар оқиғасы бойынша 1060 адамға сот үкімі шыққан, 106-сына бас бостандығын айыру жазасы қолданылған.

Бұған дейін кейбір құқық қорғаушылар қаңтар кезінде "бейбіт халыққа оқ атқан" күштік құрылым өкілдері амнистияға ілінуі мүмкін деген қауіп айтып сынаған. Олардың айтуынша, рақымшылық туралы заң жобасына "Адам өлтіру" бойынша айыпталғандар ілінбегенмен, "кездейсоқ адам өлтіру", "қорғану мақсатында оқ ату" сияқты баптар бойынша айыпталғандар ілінген.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасына байланысты сот процестері Қазақстанда жүріп жатыр. Қантөгістен кейін елде мыңнан астам адам ұсталып, көбіне "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақ ұрлау" баптары бойынша айыптап тағылған. Айыпталғандар арасында азаматтық белсенділер де бар. Бұған дейін кейбір айыпталушылар мен туыстары тергеудің әділетсіздігіне шағымданған. Қаңтар кезінде қаза болған азаматтардың туыстары жақындарын ақтауды талап етіп, оларға оқ атқандарды табуды талап еткен. Ресми Астана оқиғаны тергеуге халықаралық сарапшыларды тарту туралы ұсыныстан бас тартқан.