Жеңіс Қасымбек Астана әкімі болды. Қаланы үш жарым жыл басқарған Көлгінов қызметінен босатылды

Жеңіс Қасымбек.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Жеңіс Қасымбек Астана қаласы әкімі болып тағайындалды. Ал 2019 жылдың маусымынан бері қала әкімі болған Алтай Көлгінов бұл қызметтен кетті.

Жеңіс Қасымбек 2019 жылдың қыркүйегінен бері Қарағанды облысы әкімі қызметін атқарып келген еді. Бүгін, 8 қарашада Қарағанды облысына Ермағанбет Бөлекпаев әкім болып бекітілді.

Көлгінов 2019 жылы ел астанасына әкім болып келгенде қала Нұр-Сұлтан деп аталатын. Кейін Қаңтар оқиғасынан кейін елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билікке ықпалы әлсіреген соң қазіргі билік қалаға Астана атауын қайтарған.

Көлгінов елде коронавирус жайлаған тұста Астана пандемиядан ең қатты зардап шеккен қаланың бірі болды. 2020 жылы 29 маусымда президент Тоқаев бірнеше облыс әкімі мен министрге, соның ішінде Көлгіновке ескерту жасаған.

Бұған қоса, Астана әкімдігі елде коронавирустан көз жұмғандар саны артып, елде дәрі-дәрмек жетіспей, ауруханада орын тапшы болып жатқан кезде, 2020 жылы 6 шілде Астана күні (Назарбаевтың туған күні) қалада үлкен отшашу ұйымдастырған. Бұл отшашу үшін Астана билігі қоғам сынына ұшыраған еді. Ал Көлгінов отшашу жайлы сұраққа жауап бермеген.

Көлгінов қала әкімі болып тұрған тұста көп балалы аналар әкімдікке бірнеше рет барып, баспана мен жәрдемақы мәселесін шешуді талап еткен еді. Көп балалы аналар әкімнің шығуын талап етсе де, Көлгінов олардың алдына шықпаған.

Көлгінов қала әкімі болып тұрғанда "Астана-LRT" құрылысы (жеңіл рельсті транспорт жобасы) қайта жанданатынын айтып, оған 1 млрд доллар керек деген. Бірақ қазір бұл жобаның жұмысы толыққанды жалғасқан жоқ. "Астана-LRT" жобасының құрылысы 2017 жылы басталып, бірақ кейін жемқорлық мәселесіне байланысты тоқтап қалған.

Көлгінов Астана әкімі болып тұрғанда жеке жарнамасына көп қаржы бөлді деп те басы дауға қалған еді.

Ал Астанаға жаңа әкім болып тағайындалған Жеңіс Қасымбек әр жылдары транспорт және коммуникация министрі, инвестиция және даму министрі, индустрия және инфраструктуралық даму министрі, премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарған.

Қасымбек те, Көлгінов те саяси карьерасын елде Нұрсұлтан Назарбаев билік құрып тұрған кезде бастаған. Жеңіс Қасымбектің әкесі Махмұт Қасымбек қазір экc-президент Назарбаев кеңсесінің жетекшісі қызметін атқарады.