Маңғыстаудағы мұнайшылар ереуіліне 6 күн: Кәсіпорындағы қазандықтан мұнай төгілгені, экологияға зиян келгені айтылды

Аязда наразылық білдіріп тұрған Phystech 2 жұмысшыларының бір бөлігі. Олар кәсіпорын маңындағы далада ереуілдеп тұр. Маңғыстау облысы, 18 желтоқсан 2022 жыл. Азаттық оқырманы жіберген сурет.

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Солтүстік Қаражанбас кен орнында жұмыс істейтін Phystech 2 компаниясы жұмысшыларының ереуіліне алты күннен асқан. Мұнайшылар жалақыларын жүз пайыз көбейтуді, жұмысшылар талабы ескерілген ұжымдық шарт қабылдауды және кәсіпорын директоры Ернар Байжалиев пен орынбасары Талғат Қадыровты қызметтен босатуды талап етіп отыр.

18 желтоқсанда жұмысшылар Азаттық тілшісіне ереуілге "қосылғандар қатары көбейіп, жүзге жуықтағанын, олардың екі орында наразылық жасап жатқанын" айтты. Бірі – кәсіпорын маңында далада, екінші топ кәсіпорын ауласында. Олар жұмысшылардың суреттерін де жіберді.

"12-інен бері басшылықтан ешкім келген жоқ. Олар талаптарды орындауға компанияның шамасы жетпейді деп айтады. Бұл біздің ойымызша, өтірік. Себебі, мекеменің ішінде жұмыс істейтіндіктен ай сайын келетін мұнай көлемін білеміз" деді жұмысшылардың бірі жексенбі күні Азаттыққа.

Олардың сөзіне қарағанда, бұған дейін ереуілдеген үш адамның денсаулығы нашарлап, ереуілді жалғастыра алмаған. Осыған дейін жұмысшылар полицияның тіккен "киіз үйлерін тартып алғанын" айтқан еді. Жергілікті билік өкілдері әзірге оқиғаға түсініктеме берген жоқ.

Жұмысшылардың бірінің айтуынша, олар осыған дейін кәсіпорын басшыларына, әкімдікке, прокуратура өкілдеріне ереуіл жасайтынын айтып ескерткен. Алайда компания басшылығы кәсіпорын жұмысын тоқтатудан бас тартқан. "Соның салдарынан қазандықтардың бірінен жерге мұнай төгілген".

"15 желтоқсанда мекеме ішіндегі балалар жұмысын тоқтатады. Екі сағат бұрын ескерту айтылады. Нысанды тапсырады. Бірақ жұмыс жүріп жатыр. Қазандыққа мұнай ұңғымадан жиналады ғой. Сол қазандықтағы мұнай толып, тасиды. Басшылар жүйені білмейді ғой. Олар ұңғыманың алдын жабады. Ар жағында насоспен айдалып жатқан зат қайдан шығарын білмей линияның бір жерін тесіп шығады. Бізге ұңғыманың басына баруға рұқсат жоқ. Себебі толық жұмысты тоқтаттық. Ол жерге бара алмаймыз. Басшылық қазандықтың таситынын білген. Майдың біраз көлемі жерге кетті. Қоршаған ортаға зиян келтіріп жатыр" деді ол.

Әзірге, Phystech 2 компаниясы оқиғаға түсініктеме берген жоқ. Жексенбі күні Азаттық тілшісі компанияның Ақтаудағы кеңсесіне хабарласқанмен жауап ала алмады. Ал Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің өкілі Ғалия Кенжебаева дүйсенбі күні хабарласуды өтінді.

Жұмысшылар Азаттыққа 15 желтоқсанда түсірілді деген видеоны да жіберді. Онда резервуарға ұқсайтын үлкен ыдыстан мұнайға ұқсас сұйықтықтың төгіліп тұрғаны көрінеді.

Қазандықтан төгілген мұнай. Маңғыстау облысы, 15 желтоқсан 2022 жыл. Скриншот.

Компания өкілдері осыған дейін “наразылар талабын орындау мүмкін емесін” айтқан. Phystech-2 заңгері Дариға Қибасованың сөзінше, компания банкрот алдында тұр.

Lada.kz сайты 14 желтоқсанда Phystech II компаниясы басшылығының наразылыққа байланысты жауабын жариялаған. Онда компания өкілдері кәсіпорынның "қаржылық жағдайы қиын" екенін алға тартқан. Басшылықтың айтуынша, кәсіпорын жұмысшыларымен өздері де, уәкілетті органдар да "түсіндіру жұмыстарын" жүргізген. Олар 6 желтоқсанда қабылданған еңбек арбитраж шешіміне сүйенеді. Оған сәйкес, жұмысшылар жалақысы 15-20 пайызға өсіріледі, ал ұжымдық келісімшарт мәселесі 2023 жылдың ақпанынан бастап талқылана бастайды.

Жұмысшылары ереуілдеп тұрған Phystech-2 компаниясы мұнай және ілеспе газ өндірумен айналысады. Компания Маңғыстауда "Солтүстік Қаражанбас" мұнай-газ кенішін 2006 жылдан бері игеріп келеді. Биыл 2,3 млрд теңге салық төлеген. KASE Қазақстан қор биржасының дерегі бойынша, компанияға кәсіпкер Қайрат Боранбаев кейінгі жылдары "Қазтурбожөндеу" деген серіктестік арқылы иелік еткен. Наурызда қамауға алынған сәтте олигарх "Қазтурбожөндеудің" негізгі құрылтайшысы болған. Ал 30 маусымда Боранбаевтың орнына директор Асхат Өсеровпен тегі бір Талғат Өсеров деген азамат келген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Далада аязда қонғанымызға үш күн болды". Маңғыстау облысында жалақы өсіруді талап еткен мұнайшылар ереуілі тоқтамады