Қанат Мусин әділет министрі қызметінен босатылып, Конституциялық сот судьясы болып бекітілді

Қанат Мусин әділет министрі болып тұрған тұста журналистердің сұрақтарына жауап берді.

30 желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қанат Мусинді әділет министрі қызметінен босатты. 56 жастағы экс-министр, мәжілістің бұрынғы депутаты конституциялық сот судьясы болды.

30 желтоқсанда оның кандидатурасын мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ұсынып, депутаттардың барлығы қолдады. Қанат Мусин жыл басында кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасы кезінде үкімет ауысқан соң әділет министрі болып тағайындалған еді.

Жұма күні мәжіліс депутаттары Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу істері жөніндегі проректоры Еркін Оңғарбаев пен құқықтық саясат және конституциялық заңнама ғылыми-зерттеу институтының жетекшісі Сергей Ударцевтің кандидатураларын мақұлдады. Үшеуі де конституциялық сот судьясы қызметіне 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап кіріседі.

5 қарашада Тоқаев 2023 жылдан бастап конституциялық сот құруды қарастыратын заңға қол қойған. Бұл сот Нұрсұлтан Назарбаевты өмірлік мүшесі еткен 1995 жылы құрылған конституциялық кеңесті алмастырған. Заң маусымда Конституцияға референдум арқылы ондаған өзгеріс енгізілгеннен кейін қабылданған.

Билік бұған дейін конституциялық сотқа барлық азамат шағымдана алады деп мәлімдеген.

Бір күн бұрын президент Қасым Жомарт-Тоқаев конституциялық сот төрағасы қызметіне Эльвира Әзімованы тағайындаған. Ол бұған дейін адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарған.

Конституциялық сотта төраға және орынбасарын қосқанда 11 судья болады. Конституциялық соттың төрт судьясын президенттің өзі тағайындайды. Қалғанын сенат пен мәжіліс палата төрағаларының ұсынысымен депутаттар тағайындайды.

Конституциялық кеңес мүшелерін де бұрын президент пен парламент депутаттары сайлағанын меңзеген сарапшылар сот тәуелсіздігі жоғын алға тартады.