Орал билігі абақтыда отырған заңгер Аслан Өтеповті қолдау митингісіне келісім бермеді

Орал қаласындағы "Қазақтың батыр қыздары" ескерткіші. Көрнекі сурет.

Батыс Қазақстан облысы орталығы Орал қаласының әкімдігі қамаудағы заңгер Аслан Өтеповті қолдау митингісін өткізуге келісім бермеді. Бұл туралы Азаттыққа акцияны ұйымдастырушы Мақсат Айсауытов хабарлады. Белсенді "Қоғам мен билік назарын Батыс Қазақстан облысында "Трамадол", есірткі заңсыз тарап жатқанына аудару және Аслан Өтеповты босату" деген тақырыппен митинг өткізгісі келетіні жөнінде 12 қаңтарда жергілікті әкімдікке хабарлаған. Жексенбі, 22 қаңтарда жергілікті уақыт бойынша 15:00 мен 18:00 аралығында "Қазақтың батыр қыздары" ескерткіші алдындағы скверде өткізбек болған шараға шамамен 500 адам қатысады деп жоспарланған. Әкімдіктің акция өткізуге келісім бермейтіні туралы жазбаша жауабы Мақсат Айсауытовтың қолына 16 қаңтарда тиген.

Орал қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Ербол Көшеков қол қойған жауапта 22 қаңтарда нақ сол "Қазақтың батыр қыздары" ескерткіші алдындағы скверде жергілікті "Батыс-Қамқор" жастар қоғамдық бірлестігінің "Никотинге витамин" деген акциясын өткізу жоспарланып отырғаны айтылған. Әкімдік жауабында Айсауытовқа митингі өткізуге балама орын ұсынбаған, бірақ жастар бірлестігінің акциясына "қосылуға" кеңес берген.

"Сіз көтеріп отырған "Трамадол" мен есірткіні заңсыз тарату мәселесі жоспарланып отырған акцияның тақырыбына ұқсас. Сондықтан акцияңызды жоғарыда аталған қоғамдық бірлестікпен бірлесіп өткізуді ұсынамыз" деп жазған әкімдік.

Мақсат Айсауытов енді не істейтінін өзге қатысушылармен кеңесетінін айтты.

– Жаңадан хабарландыру береміз бе, әлде келісім беруден бас тартқан әкімдікті сотқа береміз бе, болмаса жоспарланған акцияға қосыламыз ба, оның тоқетерін осы мәселені талқылғаннан кейін айтамыз. Акцияны ұйымдастырушылар саны 15 шақты адам, – деді ол Азаттыққа.

"Халық жемқорлыққа қарсы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, оралдық заңгер Аслан Өтепов дәрігердің қағасынсыз сатылатын "Трамадол" анальгетигін сатуға бақылауды күшейтуге үндеп жүрген белсенді ретінде танылған. Ол Оралдағы дәріханалар мен тұрғын үйлерде осы препараттың емін-еркін сатылып жатқанына қарсылық білдіріп, бірнеше рет бейбіт акция өткізген. 2022 жылғы 30 желтоқсанда құқық қорғау қызметкерлері Өтеповті ұстап, ертесіне сот оны екі айға тұтқындауды сұраған тергеу органының өтінішін орындаған. Белсендіні "алаяқтық" және "пара беруге арандату" қылмысына күдікті ретінде қамаған. Тергеушілер "Өтепов әкімдіктен жер алуға көмектесем деп жергілікті кәсіпкерден пара алған" деген болжам айтады. Тағылған айыпты жоққа шығарған Өтепов өзі сынап жүрген полиция мен прокуратура одан осылайша өш алғысы келетінін айтқан.

  • Орал қаласында "Қазақтың батыр қыздары" ескерткіші жанындағы скверден бөлек тағы екі жер – Жайық өзені жағасындағы Емельян Пугачев көшесіндегі алаң мен Сатыбалды Дәуімов көшесіндегі мұнайшылар мен геологтар сквері бейбіт митинг өткізетін орын ретінде белгіленген. Алайда қала әкімдігі Мақсат Айсауытовқа берген жазбаша жауабында ол екі жерді акция өткізетін балама орын ретінде көрсетпеген.
  • Қазақстан билігі 2020 жылы жаңадан қабылдаған "Бейбіт жиындар туралы" заңды "прогрессивті" және "демократиялық" деп атап, акция өткізуге жергілікті әкімдіктен рұқсат алу қажет емес, ескертсе жеткілікті дейді. Бірақ құқық қорғаушылар жағдай бұрынғыдан аса өзгермегенін, жергілікті биліктің қолында кез келген акцияға тыйым салуға мүмкіндік беретін бұрынғыдай тетіктер жаңа заңда да сақталып қалғанына назар аударады. Көбіне әкімдік түрлі сылтауды алға тартып, митинг өткізуге келісім бермейді. Оның үстіне, билік рұқсат бермеген акцияларға қатысқан азаматтарға қолданылатын жаза бұрынғыдан да қатаңдаған.