"Сепаратизм" және "алауыздық қоздыру" баптары бойынша айыпталған Орал тұрғыны Ресейден босқын мәртебесін алды

Қазақстанмен шекарада тұрған ресейліктер. Көрнекі сурет.

"Сепаратистік мазмұнда пікір айтты" және "әлеуметтік алауыздық қоздырды" деп айыпталған Орал тұрғыны Максим Яковченко Ресейден босқын мәртебесін алды. Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті сол себепті оны Қазақстанға экстрадиациялау мүмкін емес деп хабарлады.

Полицияның мәліметінше, былтыр желтоқсанда Яковченко Ресейдің Ростов облысында жүргені анықталған.

"Оның Ресей аумағында босқын мәртебесі бар болғандықтан, қазіргі кезде күдіктіні экстрадициялау мүмкін емес" деп жазылған өңір полициясының хабарламасында.

Максим Яковченко 2022 жылдың басында әлеуметтік желідегі парақшасында пост жариялап, "Орал, Петропавл, Павлодар және өзге [аймақтарды] Ресейге беру керек" деп жазған. Кейін Яковченко жазбасының скриншоттарын журналист Лұқпан Ахмедияров жариялады. Журналист бұл іс бойынша куәгер ретінде танылған. Яковченко жазбасынан кейін оның үстінен "сепаратизм" және "әлеуметтік алауыздық қоздыру" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Іс сотқа берілді. Прокуратураның мәліметінше, Қазақстанда ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрген Максим Яковченко Оралдағы үйін сатып, Ресейге кетіп қалған. Бұдан соң елде Яковченкоға іздеу жарияланды.

Яковченко – Қазақстанда Ресейдің басқыншылығын қолдады деп айыпталған алғашқы адам емес. Былтыр тамыз айында Қарағанды облыстық соты Ресей басқыншылығының символына айналған Z таңбасын ескерткішке салды деп айыпталған Сарань қаласының тұрғынын жеті күнге қамаған.

Қазан айында қазақстандық ақпарат құралдары Қарағандыда "бейәдеп сөз айтып, қазақстандықтар мен ел басшыларының намысына тиді" деп айыпталған адамның "алауыздық қоздыру" бабы бойынша ұсталғанын хабарлаған.

Осыған ұқсас оқиғалар Солтүстік Қазақстан облысында да болған.

14 ақпанда әлеуметтік желіде Орал тұрғындарынан "Қырым кімдікі?" және "Қазақстан аумағына "арнайы операция" жасалған кезде "кім үшін соғысасыз?" деп сұрап жүрген "блогер туралы" видео жарияланған.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, видеоға байланысты қылмыстық іс қозғау туралы өтінішті прокуратура қабылдамаған. БҚО полициясы бейнероликке қатысқандардың кешірім сұраған видеосын да таратты. Кейін полиция "алауыздық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.