Тоқаев Тайвань мәртебесі туралы айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тайвань – Қытайдың бір бөлігі. Бұл "айдан анық" нәрсе. Қытайдың CCTV телеарнасына берген сұхбатында Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеген. Сұхбат 12 мамырда жарияланды.

"Екі Қытай" болмауы тиіс. Тайвань - Қытайдың бөлігі. Барлық мемлекеттің территориялық тұтастық принципі БҰҰ жарғысында жазылған, оны сақтау керек" деді Тоқаев.

"Сол себепті бұл біз үшін айдан анық екенін қайта атап өтейін: Тайвань – Қытайдың бөлігі. Бұл тұрғыда күмәніміз жоқ" деді ол.

Қытай мен Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынастың нығаюына байланысты айтылып жүрген қауіп жөнінде сұрақтарға жауап берген Тоқаев "бұған қатысты ешқандай күдік-күмән болмауы тиіс" деді.

"Біздің ниетіміз барынша ашық, шынайы. Қытай экономика жағынан әлемде екінші орын алатыны факт, біз Қытайдың рөлін мойындауымыз керек және онымен жақсы қарым-қатынас орнатуға тиіспіз" деді Тоқаев.

Тоқаевтың сұхбаты Қытайда өтетін C5+Пекин саммитіне бір аптаға жуық уақыт қалғанда жарияланып отыр. Қытай жетекшісінің Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан басшыларымен кездесуі 18-19 мамыр күндері Қытайдың Сиань қаласында өтеді.

Пандемияның салдарына қарамастан, Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық ықпалы артып келеді. 2020 жылдың аяғында Қытайдың өңірге құйған жалпы инвестициясының көлемі 40 миллиард доллардан асып кеткен. 2022 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 70 миллиард долларға жетті.

Ресейдің ықпал ету аймағы саналатын Орталық Азияның бес мемлекетінің Қытайға жақындай түсуі Ресейдің Украинаға басқыншылығы тұсында сарапшылар назарын аудартып отыр.

Қытайдың Шыңжаң өлкесімен шектесетін Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан Қытайдың солтүстік-батысындағы түркітілді мұсылмандардың қысым көруіне қатысты пікірін ашық білдірмеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Си Цзиньпин мен Орталық Азия лидерлері Қытайдағы саммиттен не күтеді?