Бас прокуратура журналист Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты қылмыстық іс доғарылғанын мәлімдеді

Журналист Сандуғаш Дүйсенова.

15 тамызда түстен кейін Қазақстан бас прокуратурасы журналист Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты қозғалған қылмыстық іс доғарылғаны туралы ақпарат таратты. Өткен аптада Талдықорған қаласында полиция әкеткен соң тергеушінің кабинетінде қорлыққа душар болғанын мәлімдеген Дүйсенованың үстінен "Жеке өмiрге қолсұқпау және дербес дерек пен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу" (147-бап) бабы бойынша іс қозғалған еді.

"2023 жылғы 14 тамызда Дүйсенова Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаевпен қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі бойынша жеке қабылданды. Оның дәлелдерін ескере отырып, прокуратура зерттеу үшін қылмыстық істі сұратып алды. (...) Алайда, тергеу органы заңнамада көзделген тергеу мерзімінде жәбірленушіге елеулі зиян келтірілгенін растайтын жеткілікті нақты деректерді анықтаған жоқ", – деді бас прокуратура.

Осыған байланысты, Талдықорған қаласы прокурорының қаулысымен сотқа дейінгі тергеу іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды деп хабарлады заңдылықты қадағалаушы орган.

Бұған қоса прокуратура дербес деректерді заңсыз жинаумен және (немесе) өңдеумен айналысқандарға (егер олардың іс-әрекетінде қылмыстық жауапқа тартуға негіз болатын құқық бұзу белгілері болмаса) Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте жауапкершілік қарастырылғанын айтып отыр. Сондықтан материалдар әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңға сәйкес оларды қарау үшін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органға жолданды деді прокуратура.

11 тамызда Талдықорған полициясы журналист Сандуғаш Дүйсенованы ұстағаны, оны "Жеке өмiрге қолсұқпау және дербес дерек пен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу" (147-бап) бабы бойынша айыптағаны мәлім болған. Ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босап шыққан Дүйсенова кейін Qaz365.kz сайтына берген сұқбатында полиция тінту кезінде оны жалаңаштап шешіндіріп, бейнекамераға түсіргенін айтқан. Журналист "ер адамдардың алдында киімсіз жүрдім, мұндай қорлық намысыма тиді" деген. Бұл мәселе қоғам назарын аударып, әлеуметтік желіде наразы пікірлерді көбейткен.

Бүгін "Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры журналист Сандуғаш Дүйсенованы тінту мен оның үстінен қозғалған қылмыстық істің қаншалықты заңды екенін тексеру жөнінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Онда Дүйсеноваға қарсы іске ілік болған сотталған азаматтың ЖСН дерегі журналистің мақаласына дейін Қазақстан жоғарғы сотының "Сот кабинеті" сайтында жарияланғаны айтылған. "Тергеу нәтижесі жәбірленушіге елеулі зиян келгені туралы ешқандай дәлел келтірмеді, нақты қандай негіз бойынша, заңды мүдде туралы да түсініктеме бермеді. Елеулі зиян келтіру фактісі болмай қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ" деп санайды "Әділ сөз".

Құқық қорғаушылар журналистің іс-әрекетінде қылмыстық заң бұзу белгісі бар дегенге күмән келтіреді.

Бас прокуратураның мәлімдемесіне дейін, 15 тамыз күні ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Сандуғаш Дүйсенованы тергеу кезіндегі әрекет заңды деп есептейтінін айтқан. Оның сөзінше, "мұндай процедура барлық азаматқа бірдей" орындалады. Қожаев журналист кәсіби қызметіне бола "тапсырыс бойынша" қудалауға түсіп жатыр деген сөзді терістеді.

Сандуғаш Дүйсенова 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғанның орталық алаңында құлап жатқан бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішінің суретін түсіріп, жариялаған. Сол фотосуреті үшін Дүйсеноваға MediaCAMP Award 2022 халықаралық байқауының жүлдесі берілген.

Ол 2022 жылғы 6 қазанда өткен "Ақ жол" партиясының съезінде өз кандидатурасын Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде осы партиядан ұсыну жөнінде сөз сөйлеген. Съезде Дүйсеновадан өзге тағы да үш адамның кандидатурасы қаралып, партия төрағасы Азат Перуашевтің бастамасымен "Ақ жол" партиясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандиатурасын қолдаған.