АҚШ Бакумен және Ереванмен Таулы Қарабақ жөнінде шұғыл келіссөз өткізбек

Әскери қарудан жасалған шабуылдан қираған көпқабатты үй. Степанакерт (әзербайжанша – Ханкенді) қаласы, Таулы Қарабақ аймағы. 19 қыркүйек, 2023 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен алдағы 24 сағатта Әзербайжанмен және Армениямен ресми мойындалмаған Таулы Қарабақ (армянша атауы – Арцах) аймағындағы жағдайды реттеуге қатысты келіссөз өткізбек. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

19 қыркүйекте Әзербайжан әскері "конституциялық құрылымды қалпына келтіру" мақсатында Таулы Қарабақта әскери операция бастағанын хабарлаған. Таулы Қарабақтағы сепаратистер күштері мен Армения әскерінің нысандарына соққы жасалғаны айтылды. Ереван Таулы Қарабақта Армения әскері бар деген ақпаратты жоққа шығарды.

Операция жарияланғанға дейін Баку "теракт ұйымдастырды" деп Ереван мен Таулы Қарабақты бақылауда ұстап отырған сепаратистерді айыптаған. Әзербайжан жағының мәліметінше, 19 қыркүйекте миналар қойылған жерлерде екі көлік жарылып, алты адам қаза тапқан. Өлгендер арасында Әзербайжан ІІМ-нің төрт қызметкері бар.

19 қыркүйек кешке Әзербайжан әскері Таулы Қарабақтағы сепаратистер күштерімен арадағы түйісу сызығын бірнеше жерден кесіп өткен. Мұны айтқан Әзербайжан президентінің кеңесшісі Хикмет Гаджиев егер Таулы Қарабақтағы армян тарапының өкілдері қаруын тастап, "ақ ту көтерсе", Баку олармен келіссөз жүргізуге дайын деп мәлімдеген.

19 қыркүйекте Әзербайжан әскері Армения қарулы күштерінің 60-тан астам әскери орнын бақылауына алды деп хабарлады Әзербайжан қорғаныс министрлігінің өкілі.

Сепаратистер бақылауындағы Таулы Қарабақ аймағының орталығы Степанакерт (әзербайжанша атауы – Ханкенді) қаласының тұрғындары жарылыс, атыс дауысы естілгенін хабарлады. Бұқаралық ақпарат құралдары электр қуаты жоқ екенін жазды.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Баку Таулы Қарабаққа зымыранмен шабуыл жасаған деп мәлімдеп, Әзербайжан билігі тұрғын халық арасында ұлтына қарап тазарту бастауы мүмкін деп алаңдап отырғанын айтты. Премьер-министрдің сөзінше, Армения Таулы Қарабақтағы соғыс қимылдарына қатыспайды.

Үкімет үйінің алдына наразылық білдіріп жиналған демонстранттар мен полицияның қақтығысы. Ереван, Армения, 19 қыркүйек 2023 жыл.

Пашинянның мәлімдемесінен кейін Ереванда наразылықтар басталды. Ашулы жұрт ұрандар айтып, үкімет жетекшісінен Таулы Қарабақта болып жатқан жағдайға араласуын талап етті. Еревандағы үкімет үйі алдында халық пен полиция қақтығысып қалды, жұрт ғимараттың терезесін сындырды. Бірнеше адам ауруханаға түскен.

Азаттықтың Армян қызметі Таулы Қарабақта кейінгі бір күнде 25 адам қаза тапты деп хабарлады. Аймақтағы Ресей бітімгерлері қауіпті аудандардан 500-ге жуық адамды эвакуациялаған. Баку Шуша қаласында бір адам қайтыс болғанын хабарлады.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 21 қыркүйекте Таулы Қарабақтағы жағдай бойынша отырыс өткізбек.

АҚШ, Ресей мен Еуроодақ қақтығысты дереу доғаруға шақырды. БҰҰ Бас ассемблеясының жалпы отырысында сөйлеген Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Таулы Қарабақ Әзербайжан жері екенін, оның басқа мәртебесі талқыланбайтынын мәлімдеді.

Таулы Қарабақ ресми түрде Әзербайжан аумағы саналады, бірақ бұл аймақта армян ұлтының өкілдері басым, олар Бакуге бағынудан бас тартқан. 1991 жылы Таулы Қарабақтағы жікшілдер «тәуелсіз аймақпыз» деп өзін өзі жариялап алған. Бірақ халықаралық қауымдастық, соның ішінде Қазақстан да оны мойындаған жоқ.

Таулы Қарабақтағы армяндарды Ереван қолдап отыр. Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін 1988 жылы жанжалдасып қалған, екі ел содан бері араз. 1988-1994 жылдар аралығында болған қақтығыстар салдарынан 30 мыңдай адам қаза тапқан. 1994 жылы екі ел қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Кейін Таулы Қарабақ ұлты армян тұрғындардың бақылауында болды.

2020 жылы қыркүйекте Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақта қайта қақтығысты. Сол қақтығыстан соң Әзербайжан Таулы Қарабақтағы Степанакерттен басқа барлық аймақты, оған қоса Мардакерт және Мартуни қалаларын қайтарып алған. Ал Ресей Таулы Қарабаққа бітімгер әскерін кіргізген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әзербайжан Қарабаққа шабуыл бастады